Бас прокуратура: Арнайы прокурор 7 жасар бала ісін өндіріске алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстікқазақстандық 7 жасар балаға қатысты істі арнайы прокурор өндіріске алды. Бұл жайында ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бас прокурор Оңтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмаған тұрғынына қатысты зорлық жасау арызы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын арнайы прокурордың өндірісіне алуды тапсырды. Қылмыстық іс жүргізу кодексіне сәйкес орын алған жайттың мән-жайын анықтау және кәмелетке толмағандардың заңмен қорғалатын құқықтарын сақтау үшін қажетті барлық шара қабылдануда. Кешенді сот-медициналық сараптама жасауға процеске қатысушылардың барлығының өтінішін ескере отырып, білікті мамандар тартылатын болады», - делінген таратылған ақпаратта.

Ведомство мәліметінше, қылмыстық істің тергелу барысы еліміздің Бас прокурорының бақылауында тұр.

«Іс фигуранттары кәмелетке толмағандар екендігін қаперге ала отырып, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 532-бабына сәйкес  кәмелетке толмағандардың құпиялылық құқығын сақтау қажеттігін түсіндіреміз. Жария сөз сөйлеулерде жеке өмірге қатысты мәліметтерді тарату және бұқаралық ақпарат құралдарында пайдалану Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша  қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеп соқтырады. Тергеу нәтижелері туралы ақпарат кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбай, рұқсат етілген көлемде жеткізілетін болады», - деп атап өтеді Бас прокуратураның баспасөз қызметі.

Еске салайық, Сарыағаш ауданы Абай ауылында тұратын 7 жасар баланың зорланғаны туралы ақпарат қоғамда қызу пікірталас туғызды. Баланың әжесі құқық қорғау органдарына немересін жоғары сынып оқушылары зорлап келгенін айтып, арызданған. Қылмыстық іс қозғалды.

Қазір бала Астанада. Кешенді әрі толыққанды сараптама жүргізілгеннен кейін тиісті шаралар қолданылатын болады.

Айта кету керек, даулы жағдайдан соң ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев бірқатар шенеунікке сөгіс жариялап, жұмыстарынан шеттетті. Абай мен Сарыағаш елді мекендерінде полиция қызметкерлері орнынан кетті.

 

Соңғы жаңалықтар