Ауа райы
Астана -2 °С
Алматы -4 °С
валюта бағамы
USD 332.21
EUR 391.74
RUB 5.57
CNY 50.08

«Бас кеспек болса да...» - Арқалықта айтыс өтті

«Бас кеспек болса да...» - Арқалықта айтыс өтті
2017 жылғы 17 қыркүйек 02:03 1594

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Арқалықта «Бас кеспек болса да...» атты республикалық ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кейкі батырға арналған республикалық ақындар айтысы Арқалық жасөспірімдер театрында ұйымдастырылды. Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев сөз сөйлеп, ақындарға сәттілік тіледі. Айтысқа ақындардың алты жұбы қатысты. Қазақстанның халық ақындары Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова және Қонысбай Әбіл, жазушы Ғұмар Ахметчин, ақын Абылай Мауданов бәйге жеңімпаздарын анықтады.

Бірінші жұп -  Тоба Өтепбаев пен Əсем Ережеқызына қазылар алқасы сараңдық танытпай, екеуіне ең жоғары ұпай беріп, тең түсірді. Мұнан соң арқалықтық Батырлан Сағынтаев Ақтөбеден келген Марат Ахметовті жеңді. Ал Шардара түлегі Ержан Əміров семейлік Саягүл Бірлесбекке жол берді.

Дидар Қамиев пен Маржан Есжанова арасындағы айтыс та көрермен көңілінен шықты. «Ұйықтайтын Головкиннің мекенінен, Міржақып оятатын елге келдім» деп, Арқалық жұртымен амандасып алып:

«Қазақ үшін жаным пида дейтұғын,
Мына дала ордасы ғой Кейкінің,
Оянамын бабалардың алдында,
Жас ұрпақтың көрген кезде кей түрін.
Кейкі сынды ерлер шықсын даламнан,
Малдың емес, елдің қамын жейтұғын», - деген тілегін жеткізді Дидар Қамиев. Қарсыласы Маржан Есжанова да есті сөз айтып, нәтижесінде қазылар екеуіне де 50 ұпайдан ұстатты.

Талай айтыс аламанында бірінен-бірі озық шығып жүрген сыралғы қарсыластар Айбек Қалиев пен Мұхтар Ниязов бұл жолы тең түсті. Ұтымды ұйқастар, қызықты сұрақ-жауаптарымен есте қалған қос жұптың айтысында негізгі тақырып кеңінен ашылды.

Ал Қостанай қаласының атынан шыққан Салтанат Өтелбаева Алматыдан келген Қазірет Бердіханнан басым болды.

Қазылар алқасының шешімімен финалға екі жұп ақын - Айбек Қалиев пен Дидар Қамиев, Мұхтар Ниязов пен Маржан Есжановалар шықты. 

«Бармысың, қауымшы жұрт, сауыншы жұрт, ақынның екі идіріп, тілін сауған», -деп жырлаған Айбек Қалиевке інісі Дидар Қамиев те өз өресінде жауап бере алды.

Табан аузында тауып айтып, аз сөзге көп мағына сиғыза білетін Мұхтар Ниязов пен Маржан Есжановалар арасындағы айтыста оралымды ойлар мен ақжарма тілектер де айтылды. Мұхтар «төрт-бес жылда өзгермепсің, сол қалпың» деп, шымшыма әзілдерімен тиісіп еді, Маржан:

«Қырсықса, еш адамның бағы ашпайды,
Бұл Маржан ешкімменен таласпайды,
Өзің айтқан алпамсадай апаңызға,
Қысқа-қысқа сөз сөйлеу жараспайды»,- деп жауап қайырды.

Сонымен, қазылар алқасы шешім шығарды. Кейкі батырдың рухына арналған республикалық ақындар айтысының бас жүлдесі Шымкенттен келген Маржан Есжановаға бұйырды. Бас жүлдеге темір тұлпар тігілгенін айта кетейік. 1-орынды Айбек Қалиев иеленсе, Мұхтар Ниязов пен Дидар Қамиев 2-орынды бөлісті. Үшіншіде - Тоба Өтепбаев, Əсем Ережеқызы, Саягүл Бірлесбек. Айтысқа қатысқан және  жүлде алған барлық ақынға сый-сияпат жасалды.

Басты сөздер: Қоғам, Рухани жаңғыру, Қостанай облысы, Туған жер,
Қате таптыңыз ба? Белгілеп, CTRL+ENTER басыңыз

Пікір қалдыру

Соңғы Пiкiрлер