Барлық аудан орталықтары жыл соңына дейін 4G қызметіне қосылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы барлық аудан орталықтары 2017 жылдың соңына дейін 4G қызметімен қамтылатын болады. Бұл туралы ҚР АКМ Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Михаил Комиссаров айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Телекоммуникация саласында министрліктің ден қойып отырған басым бағыттардың бірі - халықты кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету. Заманауи телекоммуникациялық инфрақұрылымды құру нәтижесінде 2016 жылы интернет-қолданушылардың саны 76,8% артты. Сондықтан, Қазақстан бүгінгі таңда Бүкіләлемдік экономикалық форумның бәсекеге қабілеттілік бойынша Жаһандық индексінде 36 орыннан көрініп отыр», - дейді Михаил Комиссаров ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда республикадағы барлық ірі қалалар талшықты-оптикалық кабель арқылы интернетке қосылған.

«Алайда, әлемдік тренд бүгінгі күні сөзсіз сымсыз мобильдік желі арқылы интернет таратуға көшіп барады. Бұған ұялы байланыс абоненттерінің саны артып бара жатқаны дәлел бола алады. Бүгінгі таңда елімізде 26 млн абонент бар. Қазақтан дүниежүзінде абонеттердің тығыздығы бойынша 2017 жылы 17 орында», - дейді Комиссаров.

Оның келтірген дерегіне сенсек, 2016 жылы 3G қызметімен қамту көрсеткіші 86,8% жеткен.

«4G стандартындағы мобильдік байланыстың қызметі республикадағы тұрғын саны 50 мың және одан көп қалаларда ұсынылады. Осы жылдың соңына дейін біз 4G қызметімен барлық аудан орталықтары қамтылады деп күтіп отырмыз», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар