Банктердің кредиттік белсенділігі қалыпты деңгейде - Д. Ақышев

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қыркүйектің қорытындысы бойынша экономикаға кредиттер өткен жылғы желтоқсандағы деңгейде қалып отыр, яғни 12,7 трлн теңге. Дегенмен, жекелеген секторларда: өңдеуші өнеркәсіпте, ауылшаруашылығында және құрылыста кредиттік портфельдің өскендігі байқалып отыр. Бұл жөнінде ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Данияр Ақышев «Алтай Invest-2016» Халықаралық инвестициялық форумында мәлім етті.

«Шағын және орта бизнес субъектілерін дамытуды ынталандыру және тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін меншікті капитал жеткіліктілігіне қойылатын талаптар төмендетілді, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың ауқымды бағдарламалары іске асырылуда», - деп атап өтті Д. Ақышев. Ол Ұлттық Банктің 2016 жылғы 9 айдағы 738 млрд теңгеге немесе 2,8 трлн теңгеге дейін 36%-ға ұлғайған шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу жөніндегі деректерді келтірді.

«Ұлттық Банк макроэкономикалық жағдайларды жасау жөніндегі шараларды іске асыруды жалғастырады, банктер олар бойынша теңгемен ұзақмерзімді кредиттер бере алады», - деп толықтырды Ұлттық Банк төрағасы.

Сондай-ақ ол қаржыландырудың балама арнасы құру шеңберінде ҚР ҰБ-ның бағалы қағаздар нарығын реформалау бойынша кешенді шараларды іске асыруды жоспарлап отырғанын айтты. «Алдағы қор нарығын қайта іске қосу экономиканың нақты секторының барлық субъектілері үшін нарықтық жағдайда қорландырудың орнықты базасын әртараптандыруға айтарлықтай үлесін қосуға мүмкіндік береді. Біз қазіргі кезде қор биржасында ақша тартуға дайын кәсіпорындардың және ең бастысы осындай құралдар қызықтыратын және оларды қажет ететін инвесторлардың айтарлықтай жанданғанын көріп отырмыз», - деп қорытындылады Д. Ақышев.

Соңғы жаңалықтар