Банкротқа ұшыраған кәсіпорындар жұмысшыларына 1,8 млрд теңге қарыз

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Банкротқа ұшыраған кәсіпорындар жұмысшыларына 1,8 млрд теңге қарыз. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмәди Сарбасов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2017 жылдың ішінде өңірлік үшжақты комиссия отырысында ең алдымен жалақы төлеуде тәуекелі бар 300-ден астам кәсіпорын қаралды. Өткен жылдың қорытындысында аталған жүйелі шаралардың нәтижесінде 22 мың қызметкердің алдындағы жалақы бойынша 3 млрд теңгеден астам қарызы өтелді», - деді ол.

Сонымен қатар комитет басшысының айтуынша, қызметкерлердің жұмыстан шығарылуының алдын алуға бағытталған шаралар да қабылданған. 185 мыңнан астам жұмыс істейтін 400-ден астам кәсіпорынға тұрақты мониторинг жүргізілген.

«Олар тәуекел тобында болатын. Бұл біздің еңбек заңнамамызды жиі бұзатын кәсіпорындар және оларға жұмысшылардың еңбек құқықтарын бұзуының алдын алу жүйесі аясында мемлекеттік еңбек инспекторларының күшімен 2 мыңнан астам семинарлар мен тренингтер өткізілді», - деді комитет басшысы.

Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, 2017 жылы азаматтардың өтініштері бойынша 9 мыңнан астам жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Олардың басым бөлігін жалдамалы жұмысшылар мен жұмыстан босатылғандардың мәселесі құраған.

«Осы аталған негіздер бойынша 15 мың заң бұзушылық анықталды. Тексеру нәтижесінде әкімшілік кодекс бойынша 467 млн теңгеге айыппұл санкциясы салынды. Құқық қорғау органдарына 1671 іс жолданды. Бұл ең алдымен қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты. Еңбек инспекторларының талабымен 298 лауазымды тұлға қызметінен босатылды», - деді комитет басшысы.

Оның атап өтуінше, бүгінде кәсіпорындардың жұмысшылары алдындағы қарызы 2,1 млрд теңгені құрап отыр. Аталған қарыздың 1,8 млрд теңгесі банкрот болған кәсіпорындардың еншісінде. Ал 20 кәсіпорын болса 2267 қызметкеріне 3 ай бойы 327 млн теңге жалақыны төлей алмай отыр.

Соңғы жаңалықтар