Балықшылардың алдында біз қауқарсызбыз - ТЖД

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысында соңғы кезде көліктердің суға батуы жиілеп кетті. Өткен жылы мұндай үш жағдай ғана тіркелсе, биыл 5 көлік суға батып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ТЖД Жедел құтқару жасағының басшысы Сайлаубек Шарапиевтің айтуынша, құтқарушылар тек үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгені болмаса балықшыларға ешқандай шектеу қоя алмайды.

«Өкінішке орай біз балықшыларға ешқандай шектеу қоя алмаймыз. Тек олармен түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргіземіз. Әуесқой балықшылар қалаған жерлеріне шығып, мұздан ойықтарды ойып, балық аулаумен айналысады. Біздің жұмысымыз оларды аралап, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақыру. Ал мүлдем тыйым салуға құзыретіміз жоқ», деді С.Шарапиев.

Сондай-ақ жедел құтқару жасағының басшысы опырылған мұздың ортасына түскен көліктерді судан шығару қиынға түсетінін айтты. Тіпті  200-300 метр жерге дейін мұздарды ойып, жағалаудан темір арқан тартып шығаруға тура келеді екен.  Алайда құтқарушылардың басты міндеті адамның қауіпсіздігі болып саналады. Сондықтан мұзға батқан көлікті судан шығару төтеншеліктердің міндеті емес. Бірақ ыңғайы келіп, мұз қалың болған жағдайда көліктерді судан алып шығуға көмектесеміз, дейді олар.

Естеріңізге сала кетейік, сенбі күні Қапшағайда тағы да мұз опырылып, көлік  батып кетті. Жағалаудан 300 метр жерде суға батқан көлікте зардап шеккендер жоқ. 

Соңғы жаңалықтар