Балқаш тұрғыны өзінің мазасын қашырған көршісінің итін пышақтап өлтірді

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат -Балқашта тұрғын үйлердің бірінің кіреберіс дәлізінде ер адам өзінің мазасын қашырған көршісінің итін пышақтап өлтірді. Иттің иесі прокуратураға арыз түсірді, кейіннен күдікті Қайрат Мұсалиевке тағылған айыптардың санын арттыруды сұрады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Менің итіме пышақты сұғып жатқанын көргеннен кейін, ол адамның қолынан қаруын тартып алып, көшеге шығу үшін баспалдақпен төмен жүгіре жөнелдік. Қайрат «сендерді ұстап алып, өлтіремін» деп артымыздан қуа кетті. Хаски қансырап қалған еді. Соған қарамастан соңғы әлі қалғанша менімен бірге саябаққа дейін жүгірді. Ол жақта адам көп жүргендіктен, әлгі адам қоғамдық орында бізге тап беруден жасқанды. Маңайда өтіп бара жатқандар көбейіп кеткендіктен, Қайрат біздің соңымыздан қууды тоқтатты», - дейді Нануки есімді хаскидің иесі Екатерина.

ҚР Қылмыстық кодексінің 316-бабынан (жануарларға қатыгездік жасау) бөлек, иттің иесі айыпталушыны тағы да төрт бап бойынша жауапқа тартуды сұрап отыр.

«Қайрат Мұсалиев маған және итіме тап беру арқылы тағы да төрт бапта қарастырылған, атап айтқанда, 293 (бұзақылық), 24-99 (жағдайларға байланысты соңына дейін жеткізілмеген қылмыс, яғни адам өлтіруге оқталу), 115 (қорқыту) және 202 (Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру) баптарында қарастырылған қылмысты жасады», - дейді Екатерина.

Әйел үй жануары жеке адамның иелігі болғандықтан, өзінің итін мүлікке теңеп отыр. Яғни, оның пайымдауынша, күдікті бұл әрекеті үшін қоғам алдында жауапкершілікке тартылуы керек.

«Нануки есімді хаскиім долы ит емес еді. Ал көршіміз оны жек көретін. Бұл жағдай орын алмас бұрын менің үйіме қонаққа достарым мен балаларым келіп еді. Бұдан кейін ол маған балаларымның шуылдағанына қарай мазасы кеткенін айтып шағымданды. Үй панельді болғандықтан, дауыс көршілерге естіледі. Бірақ, шу үшін өлтіруге бару, бұл дұрыс емес», - дейді иттің иесі.

Екатеринаның айтуынша, Қайрат Мұсалиевке қатысты қамауға алу шарасы қабылданбаған.

«Учаскелік инспектор оны тауып алып, жауап алу мүмкін болмай отырғандықтан, бұлтартпау шарасы әлі қолданылмағанын айтты. Ол үйіне де келмейді. Көршілеріміздің айтуынша, анасы бір ауылда жасырып отырған көрінеді», - дейді әйел.

Бірнеше жерінен пышақ жарақатын алған ит 10 сағаттан кейін ветеринарлық клиникада жан тапсырды. Ер адам Нанукидің мойыны мен бүйірінен 3 рет пышақ сұққан. Бір соққы өкпеге тиген. 

 

Соңғы жаңалықтар