Баланы зорлауға қатысты шағым бойынша жүргізілетін тергеу ОҚО прокурорының бақылауында

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысында 7 жасар баланы зорлау қылмыстық ісі бойынша тағайындалған психологиялық-психиатриялық сот сараптамаларының қорытындысы әлі дайын емес. ОҚО прокуратурасы осыған байланысты және істің қатысушылары кәмелеттік жасқа толмағандықтан олардың құқықтары мен тергеу құпиясын сақтауды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл күндері түрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде «Оңтүстік Қазақстан облысында жасөспірімге зорлық жасалды» деген ақпарат таратылуда. Аталған дерек бойынша биылғы жылдың қаңтар айынан бастап Сарығаш ауданының ішкі істер бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу аясында сот психологиялық-психиатриялық сараптамалар тағайындалды. Олардың қорытындылары әлі дайын емес. Нәтижесі бойынша Астана қаласында арнайы мамандардың қатысуымен кешенді сот-медициналық сараптамасы жүргізіледі», - делінген таратылған хабарламада.  

Сондай-ақ атап өтілгендей, жасөспірімнің жеке өміріне қатысты мәліметті қорғау мақсатында Қылмыстық-процестік кодекстің 96-бабына сәйкес қауіпсіздік шаралары қолға алынып отыр.

«Оңтүстік Қазақстан облысының уәкілетті органдарының өкілдері, психологтар жасөспіріммен және оның туысқандарымен кешенді психологиялық жұмыс жүргізуде. Қылмыстық істің тергелу барысы облыс прокурорының бақылауында. Тергеудің жан-жақты, толық және объективті жүргізілуі қамтамасыз етіледі. Істің қатысушылары кәмелеттік жасқа толмағандықтан олардың құқықтарын, тергеу құпиясын, жалпы құпиялылықты сақтауды сұраймыз. Нәтижесі туралы кеңінен хабарланатын болады», - делінген облыстық прокуратура хабарламасында.

Еске салайық, ОҚО-ның Абай ауылында бірінші сынып оқушысын ұрып-соғу және зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оның тергелуін ОҚО ІІД басшылығы өз бақылауына алды.

14 наурыз күні Абай ауылына Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Парламент депутаты Зағипа Балиеваның тапсырмасымен мониторингілік топтың өкілдері барды. Топ құрамында заңгер және психолог мамандары бар.

Айта кетейік, бүгін жәбірленуші бала мен оның жақындары тәуелсіз мамандардың көмегіне жүгіну үшін Алматыға жолға шыққан болатын. Абай ауылында тұратын бірінші сынып оқушысына қатысты іске қоғам белсенділері араласып, олар баланы жетекші мамандарға қайта тексертіп, тәуелсіз сараптама жасатуға уәде еткен еді. 

Соңғы жаңалықтар