Баланы қағып өлтірген әкім орынбасарының ісі: Полиция туыстарына қысым көрсеткен

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Риддер қаласында әкім орынбасары қағып өлтірген бозбаланың туыстары криминалдық полиция бастығынан қысым көрген. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасынан мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, осы жылдың 15 сәуірінде сағат 21.00 шамасында Риддер қаласында қала әкімінің орынбасары Бауыржан Құрманбаев «BMW Х5» автокөлігін басқарып келе жатып, жоғары жылдамдықта 19 жастағы Е.В. Смольниковты қағып кеткен болатын. Салдарынан азамат оқиға орнында көз жұмды. Жол-көлік оқиғасы кезінде автокөліктің ішінде Б.П. Құрманбаевпен бірге Өскемен қаласының әкімі Қ.М. Тумабаев болған.

Аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдікті Бауыржан Құрманбаевқа қатысты кепіл беру құқығынсыз қамауда ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды. Прокуратура таратқан ақпартқа сәйкес, қазір ол Риддер қаласындағы ІІБ-нің уақытша ұстау изоляторында қамауда.

Қылмыстық іс облыстық ІІД-нің Анықтау басқармасының өндірісінде, іс бойынша процессуалды прокурор белгіленген.

Бүгін ШҚО прокуратурасы қаза болған жігіттің туыстарынан бірнеше арыз түскенін хабарлады.

"19 сәуір күні Риддер қаласының прокуратурасына қайтыс болған Е.Смольниковтың  әкесінен арыз түсті. Ол қайғылы оқиғаның себепкері Б.Р. Құрманбаевтың автокөлігін ұстау үшін іс-шаралар уақытылы «қабылданбады» деп, Риддер қаласының ІІБ қызметкерлерін жауапқа тартуды сұрады. Сондай-ақ марқұмның әкесінің досы сол күні Риддер қаласының ІІД криминалдық полиция бөлімінің бастығы өзіне қысым көрсеткені туралы прокуратураға арызданды. Осы фактілер бойынша облыстық ІІД-нің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы Қылмыстық Кодекстің 370-бабы (қызметі бойынша әрекетсіздік) және 362-бабы, 4-бөлігі (күш көрсету қаупімен лауазымдық өкілеттіктерін асыра  пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

Қылмыстық істердің тергелуі облыс прокуратурасының бақылауында, олар бойынша барлық кешенді тергеу-жедел іс-шаралары өткізілуде.

Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жариялануға жатпайды" - делінген құзырлы орган таратқан ақпаратта. 

Соңғы жаңалықтар