Баландин мен Ниязымбетов «Дарын» сыйлығын иеленді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың қатысуымен ҚР Үкіметінің «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын салтанатты марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

null
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы жемісті ғылыми, шығармашылық және қоғамдық қызметі үшін дарынды жастарды мемлекеттік қолдау мақсатында екі жылда бір рет 10 аталым бойынша беріледі. Биыл ең үздік әрі талантты жастар ғылым, әдебиет, журналистика, спорт, халық шығармашылығы, дизайн және бейнелеу өнері, эстрада, театр және кино, классикалық ән және қоғамдық қызмет аталымдары бойынша марапатталды.

null

«Бұл сыйлық 1993 жылы Президенттің бастамасымен құрылған болатын. Оның басты көздегені - елімізге өзінің асқан талантымен түрлі салаларда еңбек сіңіріп жүрген жастарымызды қанаттандыру, өздерінің дарындылығымен, қабілеттіліктерімен көзге түскен жас буынды марапаттау. Мысалы, спортта, қоғамдық қызметте, классикалық музыкада, өнерде тер төгіп жүрген жастар көп. Сыйлықтың басты мақсаты - сол жастарды қолдау, таланттарын ары қарай дамытуларына қажетті қосымша күш-жігер беру. Бұл Президенттің, мемлекеттің жастарымызға жасалып отырған қамқорлығының белгісі», - деді Н. Ермекбаев.

«Қоғамдық қызмет» аталымы бойынша, сыйлыққа Кәмшат Қоскелова, Элина Паули, Олжас Сулейменов пен Жандос Табылғанов ие болды.

«Спорт» аталымында «Дарын» сыйлығымен Рио-2016 Олимпиадасының чемпионы Дмитрий Баландин мен Әділбек Ниязымбетов марапатталды. Баландин тілшілерге берген сұхбатында, осынау жоғары деңгейлі сыйлыққа ие болу ол үшін үлкен тосын сый болды.
«Бұл өте үлкен құрмет, оны алғаныма қатты қуаныштымын, «Дарын» сыйлығын иелену маған үлкен шабыт беріп отыр. Мен бұндайды күтпеген едім, сондықтан маған бұл үлкен тосын сый болды», - дейді Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин.

«Театр және кино» аталымында үздік деп Жасұлан Ерболат, Елдар Отарбаев пен Асылхан Төлепов танылды.

«Эстрада» аталымында сыйлыққа Қайрат Айдарбеков, Әли Оқапов қол жеткізіп отыр.

«Халық шығармашылығы» бойынша «Дарын» сыйлығына Жандарбек Бұлғақов пен Саджана Мырзалиева лайық деп танылды.

Олжас Қасымов пен Манарбек Қыдырбай «Әдебиет» аталымы бойынша марапатталса, «Ғылым» бөлігінде жастар сыйлығын Дарын Бөргеков, Мақсат Жабағин, Абылайхан Ескендіров, Артем Козловский мен Ақнұр Тұрғымбаева алды.

«Дизайн және бейнелеу өнері» аталымында Әсел Кемелбаева жеңімпаз болды.

«Журналистика» бойынша «Дарын» сыйлығын Нұрсұлтан Құрманов пен Ирина Тен иеленді.

«Классикалық музыка» аталымында Рахат-Би Абдысағин, Мақсат Жүсіпов пен Азат Мәлік марапатталды.

Барлық жеңімпаздарға «Қазақстан Үкіметінің 2016 жылғы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері» атағы, диплом, төсбелгі және ақшалай сыйақы берілді.

Айта кеткен жөн, «Дарын» сыйлығына әр жылдары елімізге кеңінен танымал адамдар қол жеткізді. Олардың қатарында - Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов, Илья Ильин, Ольга Шишигина, Нұрлан Өнербаев, Қыдырәлі Болманов, Ерболат Құдайбергенов, Дүйсен Ордабек, Арман Жүдебаев, «Муз АРТ», «Бәйтерек», «Жігіттер» тобы және тағы басқалар бар.

Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік орган өкілдері, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйым басшылары, колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

null null null null null null null  

Соңғы жаңалықтар