Балаларды діни қызметке заңсыз тартудан қорғау күшейтіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өңірлік діни бірлестіктерді тіркеу үшін талаптар жеңілдетіледі. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша заң жобасын талқылау кезінде ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Дархан Кәлетаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасына сәйкес, өңірлік діни бірлестікті құру үшін бір облыстан екі немесе одан көп жергілікті бірлестіктер өкілдерінің қатысуы жеткілікті болады. Діни қызмет саласындағы жауапкершілікті қарастыратын Әкімшілік кодекстің нормаларына балама әкімшілік жазалау ретінде алғашқы рет «ескертуді» қолдану енгізілуде (ӘтҚБ 490 б.). Атап айтқанда, 9 құқықбұзушылық түрі бойынша алдымен ескерту жарияланады», - деп атап өтті Дархан Кәлетаев.

Бұдан бөлек, заңнамаға дінге көзқарасына қарамастан азаматтардың, соның ішінде дінге сенушілер мен сенбейтіндердің тең құқығын қамтамасыз ету бойынша нормаларды енгізу ұсынылады.  Мұны Қазақстанның халықаралық-құқықтық міндеттемелері талап етеді.

Министрдің сөзіне қарағанда, бұл мәселе бойынша ескертуді Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі комитеті берген болатын. Бүгінгі таңда шамамен 14,5 пайыз қазақстандық өздерін атеистер немесе агностиктер ретінде көрсетіп отыр. Олардың құқықтары дінге сенушілердің құқықтары қорғалатын деңгейде қорғалуы тиіс. Сондықтан, салалық заңның 3-бабына тиісті түзетулер енгізілді.

«Кәмелетке толмағандарды діни қызметке заңсыз тартудан қорғау деңгейі күшейеді. Балалар мен жасөспірімдерді ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз салттар мен жораларға тартпауды нормативтік тұрғыда бекіту ұсынылады», - деді ведомство басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, жалпы отырыста палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Соңғы жаңалықтар