Балалар арасында «Қазақстан кубогы» командалық турнирі мәресіне жетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда «ЦСКА» теннис орталығында 12 жасқа дейінгі балалар арасында өткен теннистен «Қазақстан кубогы» командалық турнирінің финалдық матчтары өтті, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 16 команда 6 күн бойы өзара мықтыны анықтады. Жарыс айналым бойынша өткізіліп, көп ұпай санын жинаған ұжым жеңімпаз атанды.

Жабылу салтанатына барлық қатысушылар қатысып, дипломдармен марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге сыйлықтарды табыстамас бұрын теннисте Қазақстан Федерациясының Алматы қаласы филиалының директоры Андрей Квасов жеңімпаздарды құттықтап, қатысушыларға алғыс білдірді.

«Құрметті қатысушылар, апта бойы қызықты да тартысты ойындарды көрсетіп, үздіктері екендеріңізді дәлелдедіңіздер. Керемет командалық ойын, рух күші және де жақсы дайындықтарыңыз елеусіз қалмады. Алматыға келіп, осындай турнирге қатысқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Бүгінгі финалдық матчтар халықаралық жарыстардан кем түспеді. Сіздер келешекте нағыз кәсіпқой теннисшілер болып, ата-аналарыңыз бен бапкерлеріңіздің сенімдерін ақтайтыныңызға еш күмәнім жоқ», - деп атап өтті Андрей Квасов.

Жарыс қорытындысы бойынша, Астана құрамасы жеңіс тұғырынан көрінсе, ОҚО теннисшілері күміс жүлдені иеленді. Ал үшінші орын үшін өткен ойында Алматы және Тараз командалары кездесті. Қонақтар алаң иелерін 4:2 есебімен жеңіп, қоланы қанағат тұтты. 

Теннис додасының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне медаль, диплом, сондай-ақ, бағалы сыйлықтар мен ақшалай гранттар берілді: 1 орын - $7,000, 2 орын - $5,000, 3 орын - $3,000.

«Мен өз ұтысыммен отбасыммен және бапкеріммен бөлісемін. Біздің команда барлығын ойсырата ұтып, үздік атанды. Осы бәсекеде бірінші орынды жеңгенімізге аса қуаныштымын. Барлық ұйымдастырушыларға шексіз алғысымды білдіремін. Турнир алдында чемпион атанатынымызға сенімді болдық, міне бүгін бұл белесті де бағындырдық», - деп бөлісті Астана командасының ойыншысы Дана Байдәулет.

Айта кетейік, «Қазақстан кубогы» бірінші командалық турнирі 2016 жылы Астана қаласында өткен. Турнирдің қорытындысы бойынша, Алматы-1 командасы бірінші орынды иеленсе, Астана-1 - екінші, ал Қарағанды облысының командасы - үшінші орынға жайғасқан. 

 

Соңғы жаңалықтар