Балаға рухани тәрбие беру ісі кенжелеп қалды - балабақша меңгерушісі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы №29 «Ақ қайың» балабақшасында «Рухани жаңғыру - тұлғаны адамгершілікке тәрбиелеу - заман талабы» кластері бойынша семинар өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Онда адамгершілік-рухани, патриоттық білім беру бағдарламасын бірыңғай білім беру кеңістігіне енгізудегі жұмыс тәжірибесі талқыланды.

«Астана қаласының 2017-2020 жылдарға арналған білім беруді дамыту бағдарламасына сәйкес, қаладағы барлық білім беру мекемелері түрлі кластерлерге бөлінді. Оның ішінде мектепке дейінгі мекемелер 4 кластерге бөлінген. Соның бірі - адамгершілік-патриоттық тәрбие кластері бойынша елорданың 5 балабақшасы (№29, 9, 58, 6, 24) жұмыс істеуде», - деп атап өтті №29 «Ақ қайың» балабақшасының меңгерушісі Ләйлә Рақымжанова.
null 

Оның айтуынша, өскелең ұрпақты адамгершілік-рухани тәрбиелеу мәселесі қашанда өзекті болып келді. Осыған байланысты, №29 пилоттық балабақшаның негізгі рөлі - жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген біртұтас педагогикалық процесс құру арқылы мектепке дейінгі баланың рухани-адамгершілік және патриоттық дамуына қолайлы жағдай жасау болып отыр.

Дәл осы мектепке дейінгі аралық - балаға рухани-адамгершілік тәрбие беру үшін өте ыңғайлы кезең. Себебі, бұл кезеңде бала айналаны аса сезімталдықпен, үлкен әсермен қабылдайды. Сондықтан да, жалпыадамзаттық құндылықтар, рухани эталондар мен мінез-құлық ережесін қалыптастыру үшін бұл аралықты өткізіп алмау керек, деп есептейді балабақша мамандары.

«Бала өмірінің алғашқы 7 жылында жинақталған көзқарас оның тұтас өміріне азық болады. Бірақ, қазіргі ата-аналар балалардың рухани дамуына мүмкіндік бермей, ерте жастан интеллектін дамытуға басымдық беріп жүр. Оларға баласының мектепке барғанша әріптерді білуі, ағылшын тілінде сөйлеуі және жаза білуі маңызды. Өй-өрені қуып жүргенде, кішкентай адамның рухани-адамгершілік дамуы көлеңкеде қалады. Онсыз барлық сатып алынған білім түкке аспай қалады, баланың эмоционалды-рухани жетілмеу мәселесі туындайды», - дейді Л. Рақымжанова.
null 

Жиынға қатысқан Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасының тренері Сәуле Қожамұратова да баланың ой-өрісінен бөлек, эмоциялық-рухани дамуына да көңіл бөлу қажеттігін баса айтты.

«Соңғы уақытта IQ (Зияткерлік коэффициенті) туралы көп айтамыз, бірақ IQ ешқашан бақытты өмірдің негізі бола алмайды. Қаншама ақылды адамдар өмірден өз орнын таба алмай кетті. Табыстарға жету үшін жалғыз білім жеткіліксіз, одан бөлек өмірге бейімделуді үйрену керек. Министрлікте жұмыс істегенімде шетелде оқыған, үш дипломы бар мықты мамандарды көрдім. Бірақ, адамдармен тіл табыса алмай, жұмыстан шығып кететін. Сол себепті, әлемде жоғары IQ-ден бөлек, EQ - эмоционалды зияткерлікке басымдық беріліп отыр. Өзін жақсы түсінген адам, өз сезімдерін жүгендей білген адам нағыз табыстылардың қатарынан көрінеді. Мұны Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында ерекше атап көрсетті», - дейді Сәуле Қожамұратова.

Балабақша меңгерушісі баланы ерте жастан жалпыадамзаттық құндылықтарға үйретудің адамгершілік, өзін-өзі тану, даралық пен патриоттық негізін қалауға көмектесетінін айтты.

«Жыл сайын балаларды рухани-адамгершілік, патриоттық тәрбиелеудің - ұзақ әрі күрделі процесс екеніне көз жеткізіп келеміз. Мұнда отбасы мен балабақшаның бірлесіп күш салуы арқылы оң нәтижеге қол жеткізіп, әр баланы өз отанының патриоты етіп тәрбиелей аламыз», - деп өз сөзін түйіндеді меңгеруші.

«Ақ қайың» - 1964 жылы Целиноград қаласында ашылған тұңғыш қазақтілді балабақша. Қазіргі уақытта бұл мекемеде 3-7 жас аралығындағы 142 бала рухани-адамгершілік және патриоттық бағытта тәрбиеленіп жатыр.

null null null null null null 

Соңғы жаңалықтар