Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысында инвестициялық нысандарды аралады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысының аудандарында болып, Индустрияландыру картасына кіретін және шетелдік инвесторлармен бірге іске асырылып жатқан бірқатар ірі өнеркәсіп нысандарының жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпаратprimeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Жуалы ауданындағы қуаттылығы 50 МВт-қа дейінгі, Орталық Азиядағы ең ірі күн электр стансасы «Бурное Солар - 1»-ді аралау кезінде Бақытжан Сағынтаевқа өңірде жаңартылатын энергия көздерін дамыту келешегі туралы баяндалды.

Екі жыл бұрын шетелдік инвесторлармен бірлесіп іске қосылған «Бурное Солар - 1» стансасы бүгінгі таңда 2,2 млрд теңгеден астам сомаға 73,18 млн кВт/сағ электр энергиясын өндіреді, бұл болжамды көрсеткіштерден 10%-ға жоғары. Жыл соңына дейін оның қуаттылығын 100 МВт-ға дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл Қазақстанның оңтүстік өңірлерінің энергия қажеттілігін толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Бурное Солар-1» ЖШС бас директоры Нұрлан Қапеновтың айтуынша, аталған станса - экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жоба. СЭС іске қосқан уақыттан бастап, үздіксіз, апатсыз, жабдықтың істен шығуынсыз жұмыс істеп тұр.

Жалпы елімізде қазіргі таңда жиынтық қуаттылығы 335,8 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны қызмет көрсетуде. ЖЭК нысандарының электр энергиясын өндіру көлемі ұлғайтылуда, 2017 жылы өсім 13,5%-ды құрады.

Үкімет басшысына Сарысу ауданында іске асырылып жатқан құны 950 млн доллар тұратын «ЕуроХим-Тыңайтқыштар» ЖШС ауқымды инвестжобасы мысалға алына отырып, өңірдегі химия өнеркәсібін дамыту жайы баяндалды.

Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымовтың айтуынша, химия өнеркәсібі Жамбыл облысында аса дамыған салалардың бірі. Өңір өнеркәсібіндегі химия өнімінің үлесі 24,6%-ға тең.

«ЕуроХим-Тыңайтқыштар» басшысы Дмитрий Валышев өз кезегінде химия кешенін дамыту келешегі туралы айтып берді.

Зауыт құрылысы жобалық қуаттылығы жылына 1,4 млн тоннадан астам болатын минералды тыңайтқыштар өндірісін іске қосуға мүмкіндік береді. Өнімді Орталық Азия елдеріне, Ресейге, Қытайға экспорттау жоспарда бар.  

Жоба іске асырудың екінші сатысында тұр. Іске қосу операцияларын 2020 жылы бастап, жобаның толық қуаттылықпен шығуы - 2021 жылға жоспарланған. Қазіргі таңда жоспардағы 750 млн доллар инвестицияның 203 млн-нан астамы құйылған.

Жалпы елімізде осы жылдың 10 айында химия өнеркәсібі өнімдерінің өндірісінде оң қарқын байқалады. Өсім жоспардағы 3%-дан асып, 4,8%-ды құрады.

ҚР Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Жамбыл облысында жалпы инвестициялар көлемі 159 млрд теңге болатын 53 кәсіпорын іске қосылған, 6 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Өңірге инвестициялар тарту маңызды басымдықтардың бірі болып қала бермек.

2017 жылдың басынан бері өңірде өнеркәсіптік өндіріс көлемі 226,9 млрд теңгені, нақты көлем индексі 100,6% құрады. Негізгі капиталға инвестициялар көлемі 130,7 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштердің 100,9% құрайды.

Соңғы жаңалықтар