Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының тапсырмасымен Атырауға келді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Атырау облысына келді. Бұл туралы primeminister.kz хабарлайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен «Бес әлеуметтік бастамасының», сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысымен танысу үшін Атырау облысына келді.

Жұмыс сапары барысында бірқатар өнеркәсіптік нысандарды аралау жоспарланған. Бұл -«Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында орналасқан полиэтилен жабындар шығаратын зауыт пен газ турбиналы электр стансасы; «Ақтөбе - Атырау - Астрахань» автожолының бір бөлігі болуы тиісті Орал өзеніндегі көпір; «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ-дағы зияткерлік кен орны.

Бақытжан Сағынтаев «СП Сарайшық» ЖШС мал шаруашылығы кешеніне барады, онда АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысымен және ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігін дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралармен танысады.

Атырау облысының студент жастарымен кездесуде Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мәселелері, атап айтқанда, білім алудың қолжетімділігін арттыру және студенттердің жатақханадағы жағдайларын жақсарту мәселелері талқыланады.

Облыстың денсаулық сақтау жүйесінің қызметкерлерімен кездесу өткізу жоспарланған. Мұнда саланы қайта реттеу, МЖӘ тетігі арқылы жекеменшік медициналық қызметтер секторын дамыту жөніндегі шаралар қаралатын болады.

Облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту, 2018 жылға арналған өңір экономикасының дамуына арналған мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізу, шағын несие беруді көбейту және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері облыстың жұмыс активімен және бизнес өкілдерімен кездесуде талқыланады.

Естеріңізге сала кетейік, бұл биылғы жылға ел өңірлері бойынша үшінші жұмыс сапары. Бұған дейін Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарына жұмыс сапарымен барып қайтты.

Соңғы жаңалықтар