Бақытжан Сағынтаев Қырғыз Республикасының Премьер-Министрімен кездесті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Қырғыз Республикасының Премьер-Министрі Сооронбай Жээнбековпен кездесті, деп хабарлайдыprimeminister.kz .

Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту, оның ішінде техникалық көмек көрсету, теміржол тарифтерін сәйкестендіру, азаматтарға қойылатын көші-қон талаптарын жеңілдету салаларындағы мәселелер талқыланды.

Тараптар Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастықтың 2017-2020 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын әзірлеудегі елеулі ілгерілеуді атап өтті, ол екі ел арасындағы таяу келешекке бағдарланған стратегиялық серіктестік пен өзара тиімді қарым-қатынастарды дамыту мен нығайтудың Жол картасына айналуы тиіс.

Бұдан өзге, Премьер-Министрлер екі тараптың қазақстандық-қырғыз мемлекеттік шекарасын межелеу бойынша Шартқа қол қоюға әзірлік деңгейін бағалады.

Сонымен қатар екі елдің өңірлік ұйымдардағы, соның ішінде Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің аясындағы өзара іс-қимылы тақырыптары қозғалды.

Оған қоса, Б. Сағынтаев пен С. Жээнбеков Астанада ЭКСПО-2017 көрмесін және а. ж. тамыздың соңында өтетін Қырғызстанның ұлттық күнін өткізу барысын талқылады. 

Кездесу соңында Бақытжан Сағынтаев Қырғызстанды халықаралық көрмені қорытындылайтын Ғылым және технологиялар жөніндегі ИЫҰ саммитіне белсенді қатысуға шақырды.

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы сыртқы сауда айналымы 2017 жылғы қаңтар-мамыр айларында 272,3 млн долларды құрады, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 38,4%-ға жоғары.

Қазақстаннан Қырғызстанға экспорт көлемі 2017 жылғы қаңтар-мамыр айларында 38%-дан астам өсіп, 180,6 млн долларды құрады.

2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда қырғыз қатысуымен 1 287 заңды тұлға, бөлімшелер мен өкілдіктер тіркелген.

 

 

Соңғы жаңалықтар