Бақытжан Сағынтаев Экспорттық саясат жөніндегі кеңес отырысын өткізді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Үкіметі жанындағы Экспорттық саясат жөніндегі кеңес отырысы өтті, деп хабарланды primeminister.kz сайтында.

Отырыс барысында отандық өнімдер экспортын дамытудың кешенді ұлттық жүйесін іске асыру мәселелері талқыланды.

Инвестициялар және даму, ауыл шаруашылығы министрліктерінің экспортты ынталандыру, экспорттық әлеуеті бар тауарларды анықтау және қазақстандық өнімдерді экспорттау кезінде пайда болатын кедергілерді жою бойынша қолға алынып жатқан шаралар туралы есептері тыңдалды. «Kazakh Export» Экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ мен «Kazakh invest» ҰК» АҚ басшылары сондай-ақ өз қызметінің қорытындылары туралы баяндады. 

Бұдан өзге, алдағы кезеңге жоспарлар қаралды. 2018 жылы еліміздің өңірлерінде экспортқа бағдарланған өндірістерді қолдау шаралары күшейтіледі, KPI және экспортты ілгерілету бойынша жергілікті атқарушы органдардың қызметінің нәтижелерін бағалау әдістемесін енгізу жоспарланған.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстан жалпы алғанда өңдеу секторының 800-ден астам тауарын әлемнің 113 еліне экспорттайды.

2017 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша тауар айналымының көлемі 26%-ға ұлғайды және $55,4 млрд құрады. Экспорт 31%-ға - $34,5 млрд-ға дейін энергия тасымалдаушылар мен металлургия өнімдері бағаларының артуы есебінен өсті. Өңделген тауарлар экспорты 22% өсті және $11,1 млрд құрады. Ферроқорытпа, мұнай өнімдері, мыс, металпрокат, пропан және бутан, мырыш жеткізу артты. Өңделген тауарлар үлесі экспорттың жалпы көлемінің 32%-ын құрайды.

Ауыл шаруашылығы өнімдері мен оны өңдеу өнімдері экспорты 2017 жылғы қаңтар-қыркүйекте $1 523,9 млн құрады.

2016 жылғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда АӨК өнімдері экспортының 13%-ға, оның ішінде ауыл шаруашылығының қайта өңдеу өнімдері экспортының 10%-ға ұлғайғаны байқалды. Экспорттың негізгі көлемі бидай (27,8%) мен ұнға (20,7%) тиесілі. Мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімдері экспорты өсті. Сиыр еті экспорты 2 есе, қой еті 8 есе, жылқы еті 1,8 артты. Мақта-талшық экспорты 1,7 есе, ал майлы дақылдар орта есеппен 1,7 есе өсті. 

Экспорттық сақтандыру жүйесінде 2017 жылдың өзінде 38,5 млрд теңге сомада сақтандыру қолдауы көрсетілді. Алдыңғы 6 жылмен салыстырғанда бұл сан жалпы 74 млрд теңгені құрады.

2017 жылғы түрлі құралдармен қолдау көрсетілген экспорттық келісімдер сомасы 178 млрд теңгеден асты. Қолдау көрсетілген экспорт құрылымында сондай-ақ сапалы өзгерістер орын алды. Егер бұған дейін экпорттаушылардың басым бөлігін трейдингтік компаниялар, негізінен ауыл шаруашылығы шикізатын экспорттаушылар құраса, 2017 жылы барлық экспорттық келісімдер өңдеу өнеркәсібі және қызмет көрсетулер секторына қатысты.  

Соңғы жаңалықтар