Бақытбек Есентаевтың қорғаушысы пікір білдірушілерге наразы

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Бақытбек Есентаевтың қорғаушысы Бекболат Жексейітов пікір білдірушілерге наразы екенін айтты деп, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Нақтырақ айтқанда Бақытбек Есентаев «қандай жазаға тартылуы мүмкін?» деген сауал төңірегінде пікірлерін білдіріп жатқан адвокат, заңгерлерді сабыр сақтауға шақырды.

«Пікір айту өте жауапты шаруа деп есептеймін. Істі білмей, істің мән-жайын білмей пікір беруге болмайтын секілді, менің ойымша. Мәселен Өтебеков деген азамат ол істі білмейді. Тараптың өкілі емес», - дейді.

Ал белгілі адвокат Джохар Өтебеков өзге сайттарға берген сұхбатында:

«Кісі өлтіруге оқталу деген айып тағылғанда сотталушыны бостандығынан айырмаған жағдайды көрмеппін. Бұл жаза жәбірленушінің пікіріне қарамастан, тағайындалады. Себебі бұл - аса ауыр бап. Бұл бап бойынша шартты түрде жазалауға тыйым салынған», - деді.

Сондай-ақ Бақытбек Есентаевтың қорғаушысы Есентаев ісінің жабық режимде өтіп жатқанын, сотқа  алқа билер де қатысып отырғанын өзінің әріптестері естен шығармаса дейді. 

Айта кету керек, Баян Мақсатқызы күйеуін кешіріп, бас бостандығынан айырмауды өтінгеннен кейін Бақытбек Есентаевтың жағдайы қалай болмақ деген пікір көпшілікті толғандыруда. Алайда, Бақытбектің қорғаушысы өзінің әріптестеріне істің анық-қанығын білмей, пікір білдірмеуді өтінді. 

Естеріңізге сала кетейік, 18 қазаннан бастап Талдықорғанда Бақытбек Есентаевтың қылмыстық ісіне байланысты сот өтуде. Өзінің әйелін өлім аузында қалдырған Бақытбек Есентаев адам өлтіруге оқталу бабынан өзге де баптар  бойынша айыпталуда. 

Соңғы жаңалықтар