Бақылау үстінен бақылау жүйесін құру дұрыс емес - Үкімет басшысы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов тұтынушылар құқықтарын қорғау саласында "бақылаушылар үстінен бақылау жүйесін" енгізуді ұсынды.

Премьер-Министр ондай бастамамен келіскен жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тимур Сүлейменовтің сөзіне қарағанда, республика бойынша тұтынушылар құқықтарын қорғаумен айналысатын 174 қоғамдық ұйым бар. Алайда солардың тек 65-сі ғана нақты жұмыс істеп келеді. Негізгі себеп - қаржының тапшылығы. "Бүгінде осы салада бірыңғай мемлекеттік бақылау жүйесі жоқ. Ұлттық экономика министрлігі тек ведомствоаралық үйлестірумен ғана айналысады, арасында заңнаманы да түсіндіріп отырады. Тұтынушылар құқықтарын қорғауға қатысты ешқандай бақылау функциялары жоқ. Ал тексеріспен айналысатын органдар өз міндеттерін толығымен орындамайды", - дейді министр.

Осы орайда Т.Сүлейменов қоғамдық ұйымдарды мемлекет тарапынан қаржыландыруды ұсынып отыр. Ал құзіретті мемлекеттік органға, яғни ҚР Ұлттық экономика министрлігіне тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың оырндалуын бақылау функциясын беру керек деп есептейді.

 "Біз бизнестің өзін бақылайық деп отырған жоқпыз. Оны "бақылаушылар үстінен бақылау" деп атауға болады. Бұл дегеніміз, басқа мемлекеттік органдардың тұтынушылар құқықтарын қорғауға қатысты өз міндеттерін қаншалықты орындап жатқанын тексеру", - деп атап көрсетті Т.Сүлейменов.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев "бақылаушылар үстінен бақылау жүйесін" әлі де пысықтау қажет деп санайды. "Бақылаушылардың үстінен  бақылаушыларды қойсақ, сол бақылаушылардың үстінен тағы бақылаушыларды қоямыз ба? Сөйтіп, бір-біріміздің артынан жүрейік. Меніңше, бір-бірімізді бақылап жүргенше басқа бір механизмді ойлап табу қажет", - деп атап көрсетті Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар