Бакуде Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылық кеші өтті

None
None
БАКУ. ҚазАқпарат - Баку қаласында Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігінде ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Халық әртісі, композитор, әнші Ескендір Хасанғалиевтің шығармашылық кеші өтті.

«Қазақстан - Әзербайжан» Достар клубының, «Қазақстан - Әзербайжан» Достық қоғамының мүшелері, Әзербайжан жұртшылығы, шығармашылық зиялы қауым мен БАҚ өкілдері, бауырлас елде тұратын отандастарымыз, студенттер қатысқан кешті Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігі ұйымдастырды.

Шараның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Бейбіт Исабаев даңқты композитордың «Атамекен», «Әдемі-ау», «Сағындым сені», «Асыл арман», «Ескірмеген махаббат», «Өмірімнің жазы» сияқты көптеген әндері қазақстандық және шетелдік әнсүйер қауымның сүйіп тыңдайтын әндеріне айналғанын тілге тиек етті. «Оның шығармашылығына тақырыптардың алуандығы, материалды жеткізудегі жан-жақтылық сипаттары тән. Ол қазақ, орыс, ұйғыр, татар, неміс ақындарының өлеңдеріне ән жазды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты Жолдауында қазіргі қоғамның мәдени-рухани дамуы мен рухани құндылықтарды өркендетуге ерекше көңіл бөлді. Халықтың мәдени, моральдық және рухани мұраларынсыз ешқандай қоғам кемел бола алмайды. Үстіміздегі жылдың сәуірінде Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Әзербайжанға ресми сапарында президенттер екі елдің мәдени байланыстарын одан әрі нығайту қажеттігін айтқан болатын. Бүгінгі Ескендір Хасанғалиевтің кеші соның бір жемісі іспеттес», - деді дипломат.

Кеш қонақтары өткен ғасырдың 60-жылдарынан бері тамаша туындылар беріп келе жатқан белгілі әнші әрі композиторды жылы қарсы алды. Халық әртісі алғашқы әрі танымал әндерінің бірі «Анаға сәлем» атты әнімен кештің шымылдығын ашты.

Жиналған халық аса дарынды өнерпаздың әндерінен бір жарым сағаттан артық сусындады. Ескендір Хасанғалиев жұбайы Дарикомен орындаған өткен жылдар әндері кештің ажарын аша түсті. Әрбір әннің алдында аңыз адам оның шығу тарихы мен кімге арналғанын айтып отырды.

Ән кеші Қадыр Мырзалиевтің өлеңіне жазылған әйгілі «Атамекен» әнімен аяқталды. Оны шырқағанда жиналған жұрт орнынан тұрып қошемет көрсетті.

Шара соңында «Қазақстан - Әзербайжан» Достар клубының басшысы, Бүкіләлемдік түркі халықтары конгресінің президенті Яхья Алиев Е. Хасанғалиевті түркі мәдениетіне қосқан қомақты үлесі үшін естелік медальмен марапаттап, жастық шағында Е. Хасанғалиевтің әндерін тыңдап өскенін айтты. Өз кезегінде «Қазақстан - Әзербайжан» Достық қоғамының президенті Елдар Гүнайдын қазақ композиторына естелік сыйлықтар тапсырды.




Соңғы жаңалықтар