Баку-Тбилиси-Карс - Қазақстан аумағы арқылы өтетін транзиттік жүк тасымалын арттырады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев жұмыс сапарымен Әзербайжан мен Грузияда болып, жыл аяғына дейін пайдалануға беру жоспарланып отырған Баку-Тбилиси - Карс теміржол нысандарын аралады, деп хабарлайды ұлттық компанияның баспасөз қызметі.

Бұл 800 шақырымдық Әзербайжан, Грузия, Түркия теміржолдарын бірыңғай желіге қосатын Баку-Тбилиси -Карс теміржол бағдары Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің маңызды бөлігі болып табылады.

Сапар барысында Қ. Алпысбаев Түркияның Көлік, кеме қозғалысы және коммунникациялар министрі Ахмет Арсланмен, Грузияның Экономика және тұрақты даму министрі Георгий Гахариямен кездесті. Әріптестерімен теміржол көлігі саласын әрі қарай дамыту барысы туралы мәселені талқылады.

«Қазақстандық теміржолшылар мен қытайлық әріптестеріміз жаңа теміржол нысандарының құрылысы аяқталуын асыға күтуде. Бұл өз кезегінде Түркияға шығатын жүк тасымалдау ауқымын әрі географиясын кеңейте түседі»,-деп атап өтті Қ. Алпысбаев.

Бұл магистральды пайдалануға беру арқылы Қытайдан шығатын жүк ағынын Қазақстан аумағымен Ақтау порты, Құрық, Алят айлақтары арқылы Түркияға қысқа жолмен жеткізіп, одан әрі Еуропаға бағыттауға болады.

Осы дәлізбен қазақстандық өнім өндірушілер өз тауарларын Еуропа нарығына тезірек тасымалдай алады. Яғни, 2020 жылдарға дейін Қазақстан аумағы арқылы транзиттік жүк тасымалын 2 миллион контейнерге жеткізуге болады.

Сондай-ақ, Қ. Алпысбаев Карс, Ахалкалаки станцияларында болып, жаңа теміржол нысандарымен танысты.

Соңғы жаңалықтар