БАҚ: Оңтүстік Кореяға Қазақстаннан баратын туристердің саны артқан

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың алғашқы 7 айында Оңтүстік Кореяға Қазақстаннан барып жатқан туристердің саны жылдық есеп бойынша 26,8 %-ға артқаны байқалып отыр, деп хабарлайды Yonhap.

Басылымның мәлімдеуінше, Оңтүстік Кореяның туризмді дамыту агенттігіндегілер елге шетелдерден келіп жатқан туристердің саны үстіміздегі жылдың алғашқы жеті айында өсу тенденциясын көрсеткенін айтады. Олар мұны ел үкіметінің Қытайдан келетін туристердің күрт азаюына байланысты Оңтүстік Корея туристік портфелін диверсификациялауға күш салуымен түсіндіруде.

Корея туристік ұйымының (КТҰ) мәліметтері бойынша биылғы қаңтар-шілдеде жылдық есепте Вьетнамнан келетін туристердің саны 29,2 %-ға, Қазақстаннан 26,8 %-ға және Ираннан келетіндердің саны 25,6 %-ға артқан. Елдің туризм индустриясы Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен келетін туристерді көбейтуге күш салып жатқаны айтылады. Оңтүстік Кореядағы қытайлық туристердің саны соңғы бес айда азая отырып, шілдеде 70 пайызға дейін қысқарған. Былтыр Оңтүстік Кореядағы шетелдік 17 миллион туристің шамамен жартысы қытайлық азаматтар болған.

Корея туристік ұйымы шетелден турист тарту жұмыстарын одан әрі жалғастыратынын мәлімдеді. Туристік агенттіктер де жергілікті тұрғындар арасында ішкі туризмді дамыту мақсатында ел өңірлерімен ынтымақтастықты жандандыруды жоспарлап отыр. КТҰ мәліметтеріне қарағанда, қаңтар-шілде айларында 15 миллион оңтүстіккореялық шетелге саяхаттауға шыққан, ал бұл осы кезеңде сырттан келген туристердің санынан екі есеге көп.

Соңғы жаңалықтар