Бағзыдан сыр шерткен Ақыртастың құпиясы ашылды

None
None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Тарихшылар үшін тылсым сырға толы Жамбыл облысындағы Ақыртас кешеніндегі ежелгі құпиялардың бірі мәлім болды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұраларының және Жамбыл облысындағы киелі орындардың тізіміне енген, Тараз қаласынан бар-жоғы 40 шақырымда жатқан көне сарай жүздеген жылдар бойы тарихшыларды қызықтырып, туристерге тартымды орынның бірі болып келеді.

Күні бүгінге дейін аумағы 205х185 метрлік көне құрылысты кімдер және қашан салғаны туралы ешбір мәлімет жоқ. 1222 жылы дәл осы өңірге сапарлаған көне қытай тақуасы Шан-Шұң Ақыртастың түсініксіз қаусаған орын болып қалғанын жазып кеткен. Ал бүгін ешкімге тырс етіп сырын ашпаған киелі орынға небір саланың мықты мамандары тылсым қуат алу үшін іздеп келіп жатады.

2018 жылдың басында польшалық археолог Олеся Анипко (Бачинска) «Polish Archaeological Abstracts» және «Nauka w Polsce» журналдарында Қазақстанның оңтүстігіндегі осынау ескі кешен туралы монографиясын жарыққа шығарды. Польшалық тарихшы Ақыртастың сырын ашуға 17 жылы еңбек еткен.

Бұл зерттеуді польшаның тарихшылары оқып шығып, жас археологтың пікірімен келісетіндерін білдіріп отыр. Олардың ойынша, жас археологтың еңбегі ғылыми жаңалық болғалы тұр.

Айта кетерлігі, Олеся Анипко (Бачинска) Тараз қаласының тумасы. Тарихшы отбасынан шыққан. Жасөспірім кезінен-ақ Ақыртастың тылсым тарихына қызығушылығы туған ол шетелге көшіп кетсе де, көне кешеннің сырын ашу арманын өзімен бірге ала кеткен екен.

«Қираған үйіндіде ылғи әр түрлі елдердің археологтары мен ғалымдары жүретін. Бәрінің де ескі кешеннің сырын ашу мақсаты бар еді. Үйінділердің ішіндегі мысырлық лабиринт секілді құрылымдар, Тастөбенің құпия сырын ешкім де білмеуші еді», - дейді Олеся Анипко.

Польшалық археолог осынау сәулет ескерткіші Таяу Шығыс пен Жерорта теңізі жақтан келген сәулетшілердің жобасы бойынша салынғанын тұжырымдаған қазақстандық, ресейлік неміс және француз ғалымдарымен келісетінін айтады. Бірақ, оның пайымдауына қарағанда Ақыртастың іргесін қалау кезінде түркі мен араб халықтары тұрғызған құрылыс негізінде айтарлықтай жаңалықтар енгізілген.

749 жылы арғы бабасы кәрістен шыққан атақты қытай қолбасшысы Гао Сян Жи әскерімен Ташкент (Шаш) қаласын басып алып, түркі қолбасшысы Мохедудің басын алады. Осыдан кейін Гао Сян Жи өзінің 30 мыңдық әскерімен Талас аңғарына шегініп кетеді. Көп кешікпей кек қуған Мохедудің ұлы Зияд ибн-Салихтің қолбасшылығындағы йемен атты әскерінен құралған араб әскерін ертіп келеді. Оларға соғды мен түркі тайпалары қосылады. Аталған әскер Тараздағы қытайлар басып алған араб гарнизонын қорғауды да мақсаттарының бірі ретінде белгілеп алады. Ақыры, екіжақты соғыста Гао Сян Жи жеңіліп, шағын әскерімен Қытайға қашуға мәжбүр болады. Арабтар осы жеңіске түркілердің көмегімен ғана жеткенін атап өткен жөн. Түркілердің тұтқиылдан соққан шабуылының арқасында қытайдың 20 мыңға жуық әскері тұтқынға түсіп қалады.

«Сол тұтқынға түскен қытайлардың тағдыры не болды деген заңды сұрақ туады. Оларды жұмысқа салуды сол кездегілер ойлауы мүмкін. Сол кездегі жаулаушылар басып алған жерлеріне қала салуды амалға айналдырғанын ескерсек, Талас шайқасынан кейін арабтар дәл осы тұтқындағы қытайларды жұмысқа салған болуы мүмкін. Алып тастарды қашап, құрылыс жүргізу үшін әлбетте он мыңдаған құрылысшы керек болғаны сөзсіз», - дейді польшалық археолог.

Неміс ғалымы Брентьестің «Ақыртас араб басшысы Кутейба ибн-Мүслімнің бұйрығымен 714-715 жылдары салына бастады» деген пайымымен Олеся Анипко келіскісі келмейді. Себебі, ол араб басшысы дәл сол кезеңде Ферғанаға дейін жете алмаған. Ақыртастың құрылысын 766 жылы түркілер мен қарлұқтар сала бастады деген тұжырыммен де польшалық археологтың келіскісі жоқ. Қарлұқтар сол уақытта мұсылман дінін қабылдамай тұрып, арабтарға соғыс жариялағандықтан, оларға бәрін ысырып тастап қала салумен айналысудың еш керегі жоқ еді.

Анипко өз тұжырымында ұзынша келген, қалың қабат қабырғамен бөлінген сегіз бөлменің сырын ашқанын айтады.

«Олардың лабиринт кейпінде салынуын тоңазытқыш болғанымен түсіндіруге болады. Ал табылған саркофагтарды ванна деуге болады. Қалың қабырғалы лабиринттер арқылы әрдайым су ағып келіп тұрған. Олардың арасының ауа өтімділігі бар болатындай салынуы - ылғалды сақтаудың амалы десе болады. Бұл қағидат Қазақстанның оңтүстігін мекендеген көшпенділерге ежелден таныс», - дейді ол.

О. Анипконың ойынша, Ақыртас сарайының құрылысы 13-15 жыл бойы жүргізілген деп айтуға болады. Осыны ескерсек, құрылыс дәл 766 жылы аяқталған.

«Бұл жерде тарихтан белгілі болғандай, қарлұқтар мұсылман елдеріне соғыс ашып, әлбетте, түркештердің жерін жаулап алу кезінде Шу-Талас аңғарынан арабтарды қуып шыққан. Осылайша, Ақыртас сарайының құрылысы тоқтап қалған. Дәл осы жағдай 766 жылы болған деуге негіз бар. Алайда арабтар қарлұқтарды қайта ысырып, Талас аңғарын халифаттың құрамына қосқанымен, Ақыртастың құрылысын бәрібір аяқтай алмады. Ақыры, тынымсыз соғыстың салдарынан 819 жылы арабтар Мәуреннахрдан әскерін алып шығуға мәжбүр болды. Яғни, Саманидтер әулетімен санасуға тура келді. Саманидтер әулеті арабтарға алым-салық белгілі бір уақыт төлеп тұрғанымен, із жүзінде тәуелсіз еді. Ақыры, арабтар ол өңірден кетті де, жазуы мен Ислам дінін қалдырып кетті. Әлбетте, арабтар қалдырып кеткен кереметтердің тағы бірі - осы Ақыртас еді», - деп түйеді тұжырымын Олеся Анипко (Бачинска).

Соңғы жаңалықтар