Бағдат Мусин «Электронды қылмыстық іс» жобасының халыққа пайдасын айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Бағдат Мусин Қазақстанда «Электронды қылмыстық іс» жобасы қалай іске асырылатынын жіліктеп түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында қылмыстық істерді электронды форматқа ауыстыруды кезең-кезеңімен жүзеге асыру тапсырылған болатын. Біз Эстония, Сауд Арабиясы, Түркия, Грузия елдерінің тәжірибесін зерттедік. Қазіргі уақытта біршама елдер қылмыстық істерді электронды түрге ауыстыруды жүзеге асырып жатыр. Бірақ, көптеген елдер осы жүйеге көшуді шашыраңқы түрде жүргізуде. Демек, бір ел сот ісін, екінші ел сотқа дейінгі тергеу амалдарын электронды түрге ауыстырды. Ал егер біз осы жобаны жүзеге асырсақ, арыз түскеннен бастап қылмысты тіркегеннен кейін сот шешімі шығып, жазаны өтегенге дейінгі толық циклды жүйе жасап шығарамыз. Оны «Электронды әділет» деп те атауға болады», - деді Мусин сенаторлардың Бас прокуратурада өткен көшпелі отырысында.

Оның айтуынша, «Электронды қылмыстық іс» жобасын іске асыру ұзақ уақытты алады.

«Электронды қылмыстық іс» жобасы қарапайым азаматқа не береді? Біріншіден, арызды электронды форматта тапсыруға болады. Қазіргі уақытта ол электонды сандық қолтаңба (ЭСҚ) арқылы жүзеге асырылып жатыр. Ендігі кезекте ЭСҚ-сыз азаматтар арыз бере алатындай жұмысты күшейткелі жатырмыз. Арыз берілгеннен кейін телефон арқылы арыз иесінің шынында сол екенін СМС-хабарлама арқылы ЭСҚ-сын жіберіп, айғақтайтындай жүйе әзірленуде. Тергеу жауап алуға шақырған кезде арыз берген азаматтың сол екеніне көз жеткізетін болады», - дейді ол.

Жобаның тағы бір артықшылығы - қылмыстық қудалауға қатысты барлық азаматтар қылмыстық істі электронды форматта қарап, жеке сектор арқылы адвокаттармен бірге қылмыстық қудалау барысын бақылай алады.

«Адвокаттық коллегия арқылы бұл жұмысты жүргізіп жатырмыз. Әлбетте, барлық адвокаттар бір уақытта бұл жүйеге үйреніп кетпеуі мүмкін. Қылмыстық істердің бір бөлігі әлбетте электронды форматқа енгізілмейді. Бұл заңнамада қарастырылған. Бірақ, егер олардың 90 пайызын электронды форматқа ауыстыратын болсақ, онда адамдар ешқандай құжаттар жойылып кетпейтініне көз жеткізе алады. Сондықтан, бұл жүйе ең алдымен ашықтықты қамтамасыз етеді», - деді Бағдат Мусин.

Соңғы жаңалықтар