Бағдар Әбуов: Полиция қатарында қызмет ету - абыройлы міндет

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Биыл 23 маусым күні Қазақстан полициясының құрылғанына тура 25 жыл толғалы отыр. Осы мерейлі мереке қарсаңында «ҚазАқпарат» тілшісі БҚО ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағдар Әбуовпен әңгімелескен еді.

- Бағдар Нұралыұлы, Батыс Қазақстан облысында ел тыныштығын, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар атқарылуда, алдымен соған тоқталсаңыз?

- Мен бұған қысқаша жауап берейін. Полиция қатарында қызмет ету - маңызы зор әрі жауапкершілігі жоғары міндет. Осы талап үдесінен шығу жолында Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің ұжымы да тынбай қызмет етіп келеді. Бұл ретте жоғары кәсіби шеберлік пен өз ісіне адалдық бірінші орында тұр. Күн-түн демей, ат үстінде жүретін полиция қызметкерлері қажырлы еңбек етіп қана қоймай, кейде түрлі қауіппен де бетпе-бет келеді. Сондықтан кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу, оларға жол бермеу, батыл тосқауыл қою - басты міндет.

- Олай болса, биылғы бес айдың қорытындылары, қылмысқа қатысты көрсеткіштер жөнінде не айтар едіңіз?

- Бес айдағы ахуалды сараптасақ, БҚО ІІД ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу деңгейі (86,1 пайыз) жөнінен республикада үшінші орында. Орташа ауыр қылмыстар (52,8 пайыз) бойынша да үшінші орынға шықты. Ал ауырлығы онша емес қылмыстардың ашылуы жөнінен бірінші орында келеді. Бұл тәртіп сақшыларының тынымсыз жұмысының нақты көрсеткіші деуге болады.

- Полиция қызметкерлері қоғам алдында мінсіз қызмет атқара білуі тиіс. Соңғы кезде Бөрлі ауданында учаскелік полиция инспекторы С.Жаймағамбетовтің тұрғынды ұрып-соғуы секілді жағымсыз қылықтың орын алып, оның ішкі істер органдарынан шығарылғаны белгілі. Сондай-ақ пара алу, сыбайлас жемқорлыққа бару да полиция қызметкерлерінің арасында кездеседі. Осындай кім-кімге де абырой әпермейтін іс-әрекеттердің алдын алу бағытында не істелуде?

 - Иә, тәртіп сақшылары арасында келеңсіз оқиғалардың орын алатыны жасырын емес. Мұндай әрекеттер басшылықтың қатысуымен өтетін тәртіптік кеңес отырысында қаралып, тиісті шешім қабылданады. Сонымен қатар ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуымен болған, қоғамдық пікір туғызған жағдайлар департамент жанындағы консультативтік-кеңесші орган отырысында талқыланады. Мұндай келеңсіздіктің жолын кесу бағытында кеңес мүшелері ақылдаса отырып, ұсыныс енгізеді.  Полиция қызметкерлерінің тәртібі жөнінде жеке құраммен офицерлік және полицейлік кеңестер өткізіледі, жекелеген қызметкерлермен тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Қызметке жаңадан келген әр жас маманға ақыл-кеңес беріп отыру үшін тәжірибелі тәлімгер бекітіледі.

Жалпы, ішкі істер органдары қызметкерлерінің оң имиджін қалыптастыру бағытында түрлі қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып тұрады. Тәртіп сақшылары республикалық және облыстық шаралар барысында жыл сайын балалар үйіне, мектептерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созып келеді. Оған қоса өскелең ұрпақтың бойында отаншылдық сезімін арттыру бағытында мектеп түлектері үшін ашық есік күндері өтеді, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар түрлі сайыстар ұйымдастырады. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жас жол инспекторларының слетін өткізу дәстүрге айналды.  Жас мамандар мен тәлімгерлер арасындағы слеттер, зиялы қауым өкілдерімен кездесулер де ұмыт қалған емес.

- Биыл өңірде ішкі істер саласына қанша қаражат бөлінді және ол қандай мақсаттарда жұмсалуда?

- Ішкі істер департаментінің биылғы бюджеті - 7 млрд. 117,4 млн. теңге, соның ішінде 1 млрд. 625 млн. теңге республикалық, 5 млрд. 492,4 млн. теңге облыстық қазынадан бөлінген. Атап айтқанда, еңбекақы төлемдеріне 4 млрд. 180 млн. теңге, 97 автокөлікті ұстауға 564,4 млн. теңге, автокөліктерге қосалқы бөлшектер алу  мен ағымдағы жөндеу жұмыстарына және жанар-жағар майға 308,2 млн. теңге, қару-жарақ құралдарына 288,0 млн. теңге, бейнебақылау, ақпараттық жүйелер мен басқа да құрал-жабдықтарды ағымдағы жөндеу, өзге де қызметтерге 248,7 млн. теңге қаралған. Сондай-ақ коммуналдық, байланыс қызметтеріне 248,4 млн. теңге, бейнебақылау жүйелеріне 227,2 млн. теңге, іссапар шығындарына 170,7 млн. теңге, 417 компьютерге 144,6 млн. теңге, басқа да құрал-жабдықтарға 126 млн. теңге, арнайы өнімдерге (автокөліктерді мемлекеттік тіркеу нөмірлерінің белгілері, куәліктері, жүргізуші куәлігі) 119,8 млн. теңге, байланыс құралдарына 95 млн. теңге, атты взвод пен 25 бас атты ұстауға 77,1 млн. теңге, дәрі-дәрмек пен өзге де қорларға 61 млн. теңге, арнайы киімдерге 60,1 млн. теңге бағытталады. Өзге де мақсаттарға берілген қаржыны орнымен жұмсау үнемі назарда.

- Облыста жол-көлік оқиғалары азаймай отыр. Соның ішінде Орал-Ақсай қалалары арасында қос бірдей «Фольсваген Шаран» көліктерінің соқтығысуы қоғамда аз талқыланып жатқан жоқ. Бұған байланысты қандай шаралар қолға алынуда?

- Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, соның ішінде қоғамдық көліктер мен такси жүргізушілерінің жолаушы тасымалдауында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жоспарлы шаралар жүргізіліп келеді.  Мысалы, «Автобус» жедел алдын алу шарасы облыста ай сайын ұйымдастырылады. Мұның басты мақсаты - қоғамдық көлікке қатысты жол апатының алдын алу. Өкінішке қарай, 13-15 маусым аралығында өткізілген шара барысында 271 жол ережесін бұзу дерегі анықталып, көлік жүргізушілерінің өз міндетіне әлі де салғырт-салақ, жүрдім-бардым қарайтындығын көрсетті. Көлденең апатқа ұрынбауы үшін әр жүргізушінің жауапкершілігін арттыру бағытында жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын кәсіпорындарда кездесулер өтіп тұрады. Онда жол бойында орын алған түрлі апаттар салынған бейнероликтер көрсетіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, үгіт-насихат материалдары таратылады.

Департамент алдағы уақытта да өз міндетін қазіргі биік талаптарға сәйкес атқару үшін өзінің бар күш-жігерін жұмсайтын болады.

Соңғы жаңалықтар