Азиада-2017: Қазақстан жүлделер санын 19-ға жеткізді

None
None
САППОРО. ҚазАқпарат - Бүгін Саппоро қаласында өтіп жатқан VІІІ қысқы Азиада ойындарында қазақ спортшылары жүлде санын 19-ға жеткізді, деп хабарлайды Жапониядан ҚазАқпарат тілшісі.

Он тоғыз жүлденің бесеуі алтын, алтауы күміс, сегізі қола медаль. Бірақ, жалпы есептегі орынымыз әлі де өзгерген жоқ.

Бүгін ең бірінші болып кеше биатлоннан «алтын» алған отандасымыз Ян Савицкий күміс жүлдені жеңіп алды. Одан кейін осы сайыста қыздарымыз жарыс жолына шығып, бір алтын, бір қола медаль жеңіп алды. «Алтынды» кеше ғана жеңіс тойын тойлаған аруымыз Алина Вишневская қанжығасына байласа, қоланы Дарья Усанова еншіледі.

Одан кейін фристайлдан сынға түскен спортшыларымыз мерейімізді асырды. Спорттың бұл түрінен қоржынымызға бесінші алтын мен кезекті қола медаль түсті. Алтынды әйелдер арасынан Юлия Галышева жеңіп алса, қоланы ерлер арасынан Дмитрий Рейхерд қанжығасына байлады.

Шаңғы спортынан да құралақан қалған жоқпыз. Жігіттеріміз 4×7,5 шақырымдық эстафеталық сайыста жарыс қожайындарынан кейінгі екінші орынды иеленді. Өкінішке қарай, қыздар арасында өткен эстафеталық шаңғы жарысында біздің жерлестеріміз жеңіс тұғырына біртабан жақындап, төртінші орынға жайғасты.

Ал бүгінгі күннің соңғы медалін, яғни сегізінші қола медальді шаңғышы Марат Жапаров жеңіп алды.

Сондай-ақ, бүгінгі күннің тағы бір басты жаңалығы - хоккейден Қазақстан құрамасы VІІІ қысқы Азиада ойындарының финалына шықты. Отандастарымыз жартылай финалда Қытай құрамасын 8:0 есебімен ойсырата ұтты.

Ал бүгін жалпы есепте Жапония құрамасы Оңтүстік Кореядан алыстап кетті.  Олардың еншісінде қазіргі таңда 57 жүлде (19 алтын, 20 күміс, 18 қола) бар. Екінші орындағы Оңтүстік Корея құрамасының еншісінде 41 жүлде (14 алтын, 13 күміс, 14 қола) бар. Ал үздік үштіктен түспей келе жатқан Қытай құрамасы бізден алыстап кетті. Оларда 24 жүлде (9 алтын, 8 күміс және 7 қола) бар.

Соңғы жаңалықтар