Әзербайжандық банк пен БЖЗҚ арасындағы мәселені шешуге дипломаттар тартылуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов ұсыныс түскен жағдайда әзербайжандық проблемалық банк пен БЖЗҚ арасындағы мәселені шешуге көмектесуге уәде етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Сыртқы істер министрлігі өзінің шетелдік мекемелері арқылы ұлттық мүдде мен түрлі жағдайларға тап болған Қазақстан азаматтарының құқықтарын қорғау бойынша жұмысты белсенді атқарып келеді. Мына оқиғада қиын жағдайға тап болған әзербайжандық банкке инвестицияланған зейнетақы жинақтары жөнінде сөз қозғалуда. Біз түрлі дипломатиялық арналар арқылы өтініштер түскен кезде Әзербайжан Республикасының тиісті құрылымдарымен белсенді жұмыс жасайтын боламыз», - деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Айта кетейік, белгілі сарапшы Рахым Ошақбаев БЖЗҚ-ның 71,3 млрд теңге активі Әзербайжанның проблемалық Халықаралық банкі облигацияларына салынғаны туралы хабарлаған еді.

Өз кезегінде, Парламент Мәжілісіндегі «Ақ Жол» фракциясының депутаттары Әзербайжанның проблемалық банкіне инвестициялау туралы шешім қабылдаған БЖЗҚ-ның лауазымды қызметкерлерін жауапқа тартуды ұсынды. 

«2014 жылдың күзінде БЖЗҚ қаржысына Әзербайжанның халықаралық банкінің 70 млрд-тан астам теңге сомасындағы облигацияларын негізсіз сатып алу фактісін анықтаған тәуелсіз сарапшы Рахым Ошақбаев «Ақ жол» партиясының өкілдерімен жүздесті. Бұдан бұрын біздің фракция Казинвестбанкті лицензиясынан айыру барысында қауіптілік дәлізінде қалған 3 млрд теңгеге тарта сомадағы БЖЗҚ қаржысына қатысты үндеу жасаған болатын. Сол кезде БЖЗҚ басшылығымен 5 млрд теңгеге KASE-де күмәнді эмитетпен бағалы қағаздарды алу фактісі анықталған еді», - деді мәжілісмен Азат Перуашев ҚР Ұлттық банк басшысына арналған депутаттық сауалында.

Соңғы жаңалықтар