Әзербайжан 14 млн тонна жеңіл мұнай өндірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - BP Azerbaijan компаниясының 2017 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытынды есебі бойынша, Әзербайжан 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 14 миллион тонна жеңіл мұнай өндірді, деп жазды Тренд.

Өткен жылы дәл осы кезеңде 16 миллион тонна жеңіл мұнай өндірілген еді. BP Azerbaijan компаниясы Azeri Light сорты шығарылатын Әзербайжанның «Азери-Чираг-Гюнешли» кен орнының блок операторы болып табылады.

Есептеме бойынша, көрсетілген кезең бойынша мұнай өндірудің орташа тәуліктегі көрсеткіші 585 мың баррельді құрайды, соның ішінде 56 мың баррелі «Чираг» платформасына, 129 мың баррелі «Орталық Азери» платформасына, 116 мың баррелі «Батыс Азериге», 77 мың баррелі «Шығыс Азери», 120 мың баррелі «Суы терең Гюнешли» және 87 мың баррелі «Батыс Чирагеге» тиесілі.

2016 жылы Әзербайжан 31,1 миллион тонна Azeri Light мұнайын өндірсе, 2015 жылы бұл көрсеткіш 31,3 миллион тоннаны құраған. Бірінші жартыжылдықта жоба аясындағы операциялық шығындар 230 миллион долларға, капиталдық шығындар - 601 миллион долларға жеткен.

«Азери-Чираг-Гюнешли» блогын жүзеге асыру келісімшартына 1994 жылы қол қойылған. Блоктың мұнай қоры бір миллиард тоннаны құрайды.

Соңғы жаңалықтар