Азаматтық қоғамды ашық диалогқа тарту қажет - неміс ғалымы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтық қоғамды ғаламдық процестерге, халықаралық және ұлттық деңгейдегі ашық диалог форматына тарту қажет. Бұл туралы бүгін Global Challenges Summit-2018 форумы аясында өткен «Азаматтық қоғамның болашағы. Жаңа азаматтық белсенділік» атты сессияда «Hertie» мемлекеттік басқару жоғары мектебінің президенті, әлеуметтанушы Хельмут Анхейер айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Германия әлеуметтану ғылымдарының профессоры өз сөзінде мемлекет пен азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара сенімнің маңыздылығын атап өтті.

«Көптеген елдерде Үкімет азаматтық қоғамды оппозиция немесе қоғамға қарсы ықпал ететін ұйым ретінде көреді. Бірақ, менің ойымша олар өздерінің қоғамдағы рөлін түсіне отырып тиімді ықпалдаса алады», - деді Хельмут Анхайер.  

Неміс сарапшысының айтуынша, азаматтық қоғамның болашақтағы дамуын болжау қиынға соғады.  Біріккен Ұлттар Ұйымы азаматтық қоғаммен өзара іс-қимыл саласына соңғы рет 15-20 жыл бұрын шолу жасаған. Сондықтан халықаралық деңгейде ҮЕҰ-лердің дамуына бақылау жүргізу қажет. 

«Бүгінде біз әлемде болып жатқан түрлі геосаясаттың ықпалын бақылау үстіндеміз. Атап айтқанда, Қытай экономикасының өсуі, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық жағдайы, көші-қон дағдарысы, жаһандық жылыну, климаттың өзгеруі орын алуда. Сондықтан қазір азаматтық қоғамды ғаламдық процестерге, халықаралық және ұлттық деңгейдегі ашық диалог форматына тарту қажет», - деді Хельмут Анхейер.

Айта кетейік, Хельмут Анхайер азаматтық қоғам саласындағы жетекші сарапшылардың бірі, әлемнің бірқатар танымал журналдарында  450-ден астам ғылыми мақалалары жарияланған. Оның кітаптары саясаттану және әлеуметтану ғылымдары саласында үздік деп танылған.

Фото: primeminister.kz

Соңғы жаңалықтар