Азаматтарының өзекті ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз еткен мемлекет қана инновациялық экономиканы дамыта алады - Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов

None
None
АСТАНА. 26 наурыз. ҚазАқпарат - XXI ғасыр - ақпараттық технологияның өркен жайған жүзжылдығы. Соңғы жылдары ғаламтор арқылы жаңалықтардың жедел тарауы, азаматтардың ақпаратты бірінші кезекте осы желі бойынша алуы кең өріс алып келеді.

Осы орайда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Мұрат Әбенов ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат беріп, көкейдегі ойларымен бөлісті. Парламентші ғаламтор әлеміндегі Қазақ елінің үлесі, мемлекеттік тілді қолданудағы орын алған кемшіліктер туралы айтып берді. Сондай-ақ өз ұсыныстарын да алға тартты.

- Мұрат Абдуламитұлы, жуырда ғана Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің дәстүрлі Жолдауын жария етті. Жолдаудан қандай ой түйдіңіз?

- Мен бір ғана мәселе төңірегінде ой-пікірімді білдірейін. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауында халықтың компьютерлік сауаттылығын арттыру мен Электрондық үкіметті дамыту, оның ішінде 2012 жылдың соңына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің 60 пайызын және лицензиялардың барлық түрлерін электрондық форматқа көшіру басым міндеттердің бірі ретінде атап өтті.

Қазақстандағы бүгінгі күнгі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласының жағдайы Елбасының аталған тапсырмаларын орындауға мүмкіндік береді. Соңғы кездері интернет желісінің жылдамдығы мен сапасы және оны пайдаланушылардың саны артып, тұрғындардың компьютерлiк жабдықтармен қамтамасыз етілуі өсе түсуде, сонымен қатар бұл салада көптеген жаңа жобалар пайда болуда. Қазақша википедия да Үкіметтің қолдауының арқасында жақсы даму үстінде.

Осы шаралар арқасында соңғы кезде қала мен ауыл арасында тұрғындардың ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, интернетке қолжетімділігі бойынша «ақпараттық теңсіздік» азаюда.

Дегенмен, тіл негізінде «ақпараттық теңсіздік» сақталуда. Республикада қазақ тілді мектептерде оқушылардың басым бөлігі білім алса да, «ақпараттық теңсіздікті» жою бағытындағы қабылданып жатқан мемлекеттік шаралар жеткіліксіз деңгейде.

- Бүгінгі таңда ғаламторға үңілмейтін жан жоқ. Сіз соңғы жылдары ақпараттық технологияны дамыту жөнінде үнемі ой-пікір білдіріп жүрсіз. Осы саланың жан-жақты қанат жаюы үшін қандай іс-шараларды жүзеге асыру қажет?

- Азаматтарының өзекті ақпаратқа, жаңа білімдерге қолжетімділігін қамтамасыз еткен мемлекет қана инновациялық экономиканы дамыта алады. Егер де жеткілікті деңгейде азаматтарға қажетті білімдерді тауып, оны пайдалана алатын жағдай болмаса, замануи индустриялық жоба, көп милллиардтаған инвестициялар мен жаңа технологиялардан пайда жоқ.

Статистика мәліметтеріне сүйенсек, елімізде қазақ тілін білетін азаматтардың саны өсе түсуде. Жақын жылдары бұл көрсеткішті 95 пайызға жеткізу жөнінде жоспарлар бар. Бүгіннің өзінде мектептердің 80 пайызы қазақ немесе аралас мектеп. Мемлекетте барлық оқушылардың ¾ қазақ тілін меңгерген және олардың көпшілігі үшін қазақ тілі - ақпарат алудың негізгі тілі. Егер де әр 9 ай сайын тұтынылатын ақпараттың көлемі 2 есеге өсіп отыратынын ескерсек, дәстүрлі кітаптар ақпаратқа деген сұранысты өтей алмайтыны түсінікті, бұл жерде жаңа технологиялар мен интернетсіз қиынға соғады. Біз соңғы кезде ғаламтор қолданушылары санының өсуі мен мектептердің компьютерлермен жабдықталуының жақсаруы туралы жеңімпаздық мәлімдемелер жасауға әуес болып кеттік. Әрине, бұл маңызды, бірақ бұл ақпаратқа қолжетімділіктің «техникалық» шарты ғана.

Біз шешетін ең басты мәселе - интернетте қазақ тілінде қажетті көлемде және сапада ақпараттың (контенттің)  болуы.

Қазақ тіліндегі ақпараттың (контенттің) жеткіліксіздігі, қолданыстағы веб-ресурстар сапасының төмендігі және бәсекеге қабілетсіздігі туралы айтып өтейін.

Біз бірнеше мәрте және бірнеше жылдан бері қазақ тіліндегі ақпаратты қолдау үшін мемлекет тарапынан қаражат бөліп келеміз.

Дегенмен, Қазнетте қазақ тілді сайттар саны мүшкіл халде. Оған дәлелді https://kzindex.kz сайтының «KZ домендік зонасында интернет-ресурстардың фонетикасы» бөлімінен таба аламыз.

Сараптама нәтижесі қандай?

2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «KZ» домендік аймақта интернет-ресурстар келесі статистиканы көрсетеді:

орыс тілінде - 32 689 сайт (79,6%),

ағылшын тілінде - 4 550 сайт (11,0%),

қазақ тілінде - 3 822 сайт (9,3%).

Көріп отырсақ, «KZ» аймағында қазақ тіліндегі сайттар саны 10 пайыздан да аз, біздегі «KZ» аймағында жасалған ағылшын тіліндегі сайттардан да аз. Егер де біздің елде, біздің домендік аймақта мемлекеттік тілде веб-ресурстарды дамытуға жағдай жасалмаса, қай жақта олар дами алады? Және де қазақша ақпаратты жасауға бөлінген қаржы қайда жұмсалып жатыр?

Интернеттегі қазақ тілінің әлсіздігінің тағы бір дәлелі. Қазақстандық веб-ресурстар рейтингісін анықтайтын https://zero.kz сайтында танымал «ондықты» айтпағанда, «жиырмалыққа» кіретін бірде-бір қазақ тілді сайт жоқ.

- Неліктен?

- Бюджет қаражаты есебінен қазақша контентке қолдау көрсету үшін арнайы мекеме құрдық. Жүздеген миллион қаражат бөлдік. Танымал болған сол сайттар қайда? Біздің казтюб қайда? Заңды түрде отандық фильмдерді қайдан көреміз, қазақ музыкасын қайдан тыңдаймыз, ана тілімізде кітаптарды қайдан оқимыз? Түсінікті тілде ақпарат жоқ болса, қазақ тілді азаматтарға интернетке шығудың не қажеті бар?

Қазақ тілінде контент қайдан болады, егер де біз оны көпшілікке жасауды үйретпесек? Контенттің басты көзі - ол интернетте жұмыс істеуге машықтанған қолданушылар. Осындай азаматтар көп болса, контент те көп болады.

- Проблеманың бір ұшы қайда жатыр деп ойлайсыз?

- Біздің басты проблема - тұрғындардың компьютерлік сауаттылығының төмендігі. Олардың қатарына мектепте информатиканы оқымаған ересек адамдар санатын қосу әдеті қалыптасқан. Мектеп оқушылары мен орта арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттерін бірден компьютерлік технологияларды жақсы түсінетіндер  қатарына жатқызамыз.

Бірақ жағдай ондай емес. Мектептер әлдеқашан заман талабынан қалып қойды. Егер де оқушыларды компьютерге бірінші рет 7 сыныпта отырғызсақ, олардан не күтуге болады? Оқу бағдарламасы солай. Және сабақ аптасына бір рет. Бұған қоса ауылдық жерлерде балаларға мектептен басқа орында монитордың алдында отыру мүмкіндігі жоқ. Оқушылар компьютерді қалай қосу және өшіру жаттығуларын 13 жасында ғана үйренеді. Мектептегі информатика пәнінің бағдарламасы өте ескірген. Әлі сол Visual Basic пен «Паскаль» төңірегінен шыға алмай жүрміз. Мектептің 11 жылдық бағдарламасында ғаламтормен, е-поштамен, аудио, фото, мәтіндік файлдармен қалай жұмыс жасауды, сайт құруды мүлдем үйретпейді. Осындай біліммен түлектер жоғары оқу орындарына барады. Жоғары оқу орындарындағы қазақ топтарында ақпараттық технологияларды көп жағдайларда орыс немесе ағылшын тілінде оқытылады. Басты себеп - мамандар, сапалы оқулықтар, заман талабына сай әдістемелер жетіспейді, термин жиынтығы әлі жоқ.

- Сонда бізде қазақ тілінде контентті кім жасайды?

- Ғаламторға ең негізгі ақпарат (контент) орналастырушы мемлекет болу керек. Заң бойынша мемлекеттік органдардың мемлекеттік тілде ақпарат орналастыру міндеті де бар, қаражаты да шешілген.

Бір байқағаным, мемлекеттік органдардың сайттарында қазақша ақпараттар жеткіліксіз.

Мемлекеттік органдардың өздері интернет-ресурстарда азаматтарға ақпараттарды негізінде орыс тілінде береді. Бұл мәселені шешу мақсатында 2010 жылғы 15 шiлдеде «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне «электрондық үкiметтi» дамыту мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Осы заң шеңберінде «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына депутаттар тарапынан ақпараттық жүйеде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге бағытталған өзгеріс енгізілген болатын. Атап айтқанда, мемлекеттiк ақпараттық жүйелер қазақ және орыс тiлдерiнде жасалады және сақталады. Осы жүйелердегi қазақ тiлiндегi ақпараттың көлемi орыс тiлiндегi ақпараттың көлемiнен кем болмауға тиiс.

Дегенмен, мемлекеттік ақпараттық жүйедегі қазақ тілінің жағдайы осы заң қабылданғанға дейінгі қалыпта. Мемлекеттік тілдің дамуына серпін беретін бұл заңның талаптарын кейбір министрліктердің орындамай отырғаны жөнінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің, ҚР Бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың, ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбековтің атына депутаттық сауал жолдадым.

- Сіздің қандай ұсыныстарыңыз, талап-тілектеріңіз бар?

- Анықталған жайттарды ескере отырып, Үкіметке қазақ тіліндегі контентті дамыту бойынша министрліктер мен ведомстволардың, мемлекеттік органдардың қызметін жүйелендіру және тиімділігін арттыруға бағытталған нақты бірқатар шаралар қабылдау жөнінде ұсыныс жасадым.

Біріншіден, білім беру жүйесінде нақты заман талабына сай студенттер мен оқушылардың компьютерлік сауаттылықты көтеру қажеттілігін ескере отырып, информатика мен есептеу техникасын оқыту саласында мақсаттар пен міндеттерді қайта қарастыру керек. Нәтижелерді компьютерлермен жабдықталу мен интернетке қосылу көрсеткіштерімен емес, оқыту сапасы, мұғалімдерді дайындау, заманауи әдістер мен оқулықтардың болуы, оқыту нәтижелерімен бағалау.

Оқыту сапасының басты критерийлері есептеу техникасын пайдалана білу емес, оны құрал ретінде пайдалана отырып, оқу және өндірістік қызметке қажетті ақпаратты тауып, өңдеп, сақтап, алмаса білу.

Осы мақсатта мектептер мен орта арнаулы және жоғары оқу орындарында оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізу қажет. Бұл жұмысқа ғылыми орталықтарды тартып, белгілі ғалымдардың әлеуетін пайдалану керек.

Ақпараттық технологиялар ежелерін оқытуды жас шақта, төменгі сыныптардан бастау және пән бойынша сағат саны көлемін көбейту керек.

Қазақ тілінде білім алуға деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуге баса назар аудару қажет. Заман талабына сай оқу әдістемелерін, оқулықтар мен электрондық құралдарды әзірлеу үшін ғалымдар мен білікті ұстаздардан шығармашылық топтар құрған жөн.

Екіншіден, ақпараттық қамтамасыз ету саласында қазақ тілін пайдаланудың базалық тетіктерін құруға және таратуға жағдай жасайтын іс-шараларды қолға алуды ұсынамыз. Одан әрі бұл ресурстар мен тетіктер еркін түрде таратылуы қажет.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай міндеттерді тек бюджет қаржысы есебінен құрылған құрылымдардың күшімен орындау тиімсіз. Ең оңтайлы шешім - қоғамдық ұйымдардың қатысуымен бірлесіп атқару үшін жұмыс жасау.

мемлекеттік тілдегі арнайы бағдарланған сайттардың құрылуына және аударылуына қолдау көрсету (диабет, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және т.б. сайттар). Түрлі ауруға шалдыққан немесе мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін әлеуметтік маңызы бар сайттарды мемлекеттік тілге аудару. Қаржылай қолдау қажет.

Қазақтілді блог жүргізушілердің қатысуымен жүйелі түрде блог-турлар ұйымдастыру керек.

Мемлекеттік холдингтер мен ұйымдардың жарнамалық қаржыларын тарта отырып, қазақ тіліндегі веб-сайттарды ынталандыру қажет деп ойлаймын.

- Мемлекеттік тілді қорғау мақсатында қандай іс-шаралар атқарған жөн?

- Мемлекеттік тілді қолдану критерийлері бойынша мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарына мониторинг жүргізу керек.

Интернет-технологияларды қолданылатын терминдер сөздігін анықтау үшін іс-шаралар өткізген дұрыс.

Келесі міндет - мемлекеттік тілдегі қаріптер (шрифттер) пакетін жасау және құру. Қазақ тілінде тек 3-4 қана қаріп бар. Сондықтан кез-келген бағдарламалық өнімде қондыруға болатын қазақ тіліндегі шрифттерді әзірлеу қажет.

Танымал интернет-ресурстарды қазақ тіліне аудару және қолдау. Көптеген веб-сайттар қосымша материалдық шығындар себебінен өз жұмысында қазақ тілін қолданбайды. Қазақ тілінде мақалалар мен жаңалықтарды жариялау үшін кәсіби журналистерді пайдалану, аударма жасауға көмек көрсетуді қарастыру керек.

 Қазақ тіліндегі интерфейсі бар және осы тілде жұмыс істей алатын кең танымал әлеуметтік желіні құру бойынша жұмыстарды жалғастыру қажет.

- Ұлттық құндылықтарымызды заманауи технологиямен сақтаудың жолдары қандай?

- Мұрағаттар мен кітапханалардағы кино, видео және аудио материалдарды сандық түрде жазу, аудиокітаптар жасау және оларды интернет жүйесінде орналастыру керек.

Мемлекеттік мұрағаттар, «Қазақфильм» киностудиясы, мемлекеттің қатысуы бар радио мен телекомпаниялардың қорларындағы қазақ тіліндегі көркем және деректі фильмдерді, музыкалық шығармалардың аудиожазбаларын сандық түрде жазу және оларды ашық қол жетімділікте орналастыру ісін қолға алған жөн.

Қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларын сандық түрде жазу және оларды интернет жүйесінде орналастыру.

Аудиокітаптар жасау және оларды интернет жүйесінде орналастыру. Интернетте қазақ тілінде аудиокітаптар жеткіліксіз деңгейде. Қазіргі таңда аудиокітаптар интернет қолданушылары арасында өте жоғары сұранысқа ие контент түрі, олар уақыт үнемдеуге және кітапты жеңіл игеруге мүмкіндік береді. 

Фильмдер, аудиожазбалар мен аудиокітаптар қорын құру және оларға интернет қолданушыларының қол жетімділігін қамтамасыз ету -  интернет жүйесінде қазақ тілді сапалы және заманауи контент санын арттыратыны сөзсіз.

Мемлекеттік тілде сайттар мен блогтар жасауға инфрақұрылымның жеткіліксіздігі байқалып отыр.

- Ғаламтордағы материалдарға назар аударғанда, тағы да қандай мәселелерді анықтадыңыз?

- Отандық блогплатформаның болмауынан қазақ тілді блогерлер «wordpress»-те жұмыс істеуге мәжбүр. Сот шешімімен экстремистік мазмұндағы бірқатар блогтардың жабылуына байланысты 500-ден астам блогерлер өз материалдарын алуға мүмкіндіктері жоқ. Мұның шешімі біреу - «wordpress» сияқты өзіміздің блог платформамызды құру.

Сайтты басқару жүйелерін қазақ тіліне аудару мемлекеттік тілде оңай және тез сайттар жасауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда қазақ тілді веб-мастерлерде мықты қолдау бар - басты жүйелер қазақ тіліне аударылып қойған.

Танымал сайттарды басқару жүйелерінің барлық аудармалары жүктеуге және сайттар жасау үшін ашық қол жетімділікте. Сондықтан қазақ тілінде сайт жасау күрделілігі бірнеше есе жеңілдеген.

Қазақ тіліне жеткілікті деңгейде шрифтік қолдау көрсеткен абзал. Ол үшін д изайнерлер мен беттеушілер үшін қазақша шрифтер әзірлеу қажет. Қазақстанда көптеген шрифтер орыс нұсқасында кең пайдаланса да, олардың бүгінгі күнге дейін қазақша нұсқасы жоқ. Шрифтердің қазақ нұсқасын әзірлеу көп адамдардың жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп, қазақ тіліндегі мәтіндерді әртүрлі шрифтерде жазуға мүмкіндік берер еді.

- Рақмет әңгімеңізге. Ұсыныстарыңыз қолдауға ие болсын.

Соңғы жаңалықтар