Азаматтардың полицияға берген арызына «Дауысты автоқоңырау» жауап береді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздегі қылмыстық құқықбұзушылық жүйесіне «Дауысты автоқоңырау» қызметі енгізілді. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Бағдат Мусин Бас прокуратура ғимаратында өткен көшпелі отырыста айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз апта бұрын ғана «Дауысты автоқоңырау» деген қызметті іске қостық. Егер белгілі бір адамның жарық бойынша қарызы болса, онда оған үй телефонынан автоқоңырау келіп, қарызды өтеу керектігін ескертеді. Біз осындай автоқоңырауды қылмыстық құқықбұзушылық жүйесіне енгіздік. Демек, егер азамат ішкі істер бөліміне арыз қалдырып кетсе немесе «102» хабарласып шағым берсе, арыз тіркеліп, ол бойынша қандай шешімнің шыққаны туралы автоматты түрде робот хабарласып, «Бірыңғай тізімге енді» немесе «Нарядтан шығарылды» деп жауап береді» - деді Бағдат Мусин.

Оның айтуынша, тың қызметтің өзіндік пайдасы бар.

«Бұл бізге жасырын қылмыстармен күрес жүргізуге жол ашады. Көп жағдайда шағымдар нарядтан шығарылып тастап, азаматқа шағым бойынша қандай шешімнің қабылданғаны ескертілмей қалады. Ал біз болсақ хабарлама арқылы ашықтықты қамтамасыз етпекпіз. Сонымен қатар, қылмыстық іске қатысты барлық азаматтарға СМС-хабарлама арқылы іс барысы туралы хабарлап отырамыз», - деді Бағдат Мусин.

Еске сала кетсек, Бағдат Мусин сонымен қатар «Электронды қылмыстық іс» жобасы қалай іске асырылатынын түсіндіріп берген болатын.

Соңғы жаңалықтар