Айша бибі кесенесіндегі не жазу - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырман назарына еліміз өңірлеріндегі баспасөзге шолуды ұсынады.

*  *  *

 

Кенесарының жебесі табылды - Оңтүстік Қазақстан газеті
null 

Белгiлi күйшi Файзолла Үрмiзовтiң ұлы Қамбар «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына келіп, аса құнды жәдігері туралы әңгімелеген. Қамбар ақсақал әкесi Файзолланың архивiн қарап отырып, сонау қырқыншы жылдары шыққан Сталин кiтабының арасынан құнды жәдiгер тауып алған көрінеді. Жәдігер - Кенесары Қасымұлы садағы жебесiнің ұшындағы жүрек секiлдi темiр екен. Өте өткiр темiр бiрнеше жыл сақталғанымен, тот баспапты. Қасындағы тiлдей қағазға «Бабам Кенесарының жебесiнiң ұшы» деп жазылған.

«Әкемнiң архивiнен үлкен бабамыз Кенесарының құнды жәдiгерi табылғанда қатты қуандым. Есiмi алты алашқа белгiлi батырдың мүлкiн әкемнiң көзiнiң қарашығындай сақтап, бiзге жеткiзгенiне тебiрендiм», - деген екен Қамбар Үрмiзов.

  

«Еңлік-Кебектегі» Еспембет кім? - Орал өңірі газеті
null 

 «Орал өңірі» газеті оқырманға Еңлік-Кебек  оқиғасы  туралы біраз мәліметтерді ұсынған. Мұндағы әңгіме негізінен Еңлік-Кебектегі Еспембет жайында болып отыр. Мақала авторы, архив саласының ардагері Ғабит Зұлхаров, алдымен Еңлік-Кебек тарихына тоқталып, ондағы оқиға желісіне де мән беріп, жазушы Мұхтар Әуезов 1917 жылы Ералы жазығында «Еңлік-Кебек» пьесасын қойғанын алға тартады.  

«Матайлар жағының өктемдігін өсіре көрсету үшін М. Әуезов сахараның Кеңгірбай сынды кесек сөз иесіне қарсы оған дәрежелес өз ортасының көкжалы Еспембет бидің образын ойдан қосып, көрермен алдына шығарады. Дәл осындай мақсатпен бұл дауға еш қатысы жоқ батыр Есенді Еңлікке «әмеңгер» етіп, оны Кебекке «өлтіртеді». Анығында, «Дала уалаяты» газетінің екі басылымында да Есеннің де, Еспембеттің де есімдері кездеспейді. Бұларда Еңлік пен Кебектен басқа төрт адамның аты ғана аталады. Олар Тоқтамыс - Кебектің аталас ағасы, Қабанбай батыр - Еңліктің туған нағашысы, Нысан - абыз және тобықты биі - Кеңгірбай» деп жазады автор. Жазуынша, мұндай тәуекелге Әуезов еріксіз барған. Онсыз пьеса толыққанды болып шықпай, тартыс та солғындап, тек аңыз ретінде қалады екен. «Шындығында, Еңлік-Кебек оқиғасының алды-артында, қалың найман ішінде Еспембет атты би болмаған. Керісінше, дәл сол аттас батыр сол кезде өмір кешкенін кейбір деректер дәлелдейді». Бұл ретте автор Әуезов пьесасындағы Еспембетке назар бұрып, оны зерттеуге кіріскен.  Түрлі деректер мен мәліметтерді алға тартады.

«Көркем шығармалардағы шындық қанша құнды болғанымен, өмірлік шындықтың қасиеті барынша басым. «Платон менің досым, бірақ шындық одан да қымбат» дейді емес пе?! Сондықтан да Еңлік-Кебек оқиғасы кезінде Кеңгірбай мен Еспембеттің келеге түсуі мүмкін емес. Еспембет - жаужағадан алғанда ауылда қалған батагөй билердің қатарына жатқызуға  келмейтін  толағай  тұлға» деп жазады Ғабит Зұлхаров.

«Жеті» - Орталық Қазақстан газеті
null 

«Орталық Қазақстан» газеті қазақтың киелі санайтын жеті санына байланыстыра отырып, «жеті жұрттың тілін біл» деген нақылға назар аударады. Автор Әлихан Бөкейхановтың тоғыз тіл білгенін, сол тілдерде ғылыми еңбектер, мақалалар жазғанын айтады. Тіпті «Әлихан Францияның ең көне газеттерінің бірегейі «Фигароға» мақала жазып тұрған» деген мәліметті де алға тартады.

«Бөкейхановтың орысша жазған ғылыми еңбектерін, мақалаларын асықпай бір бажайлап оқып көрдім. Орысшасынан қазақ тілінің иісі бұрқырап тұр. Әлекең жазатын дүниелерін әуелі қазақша ойлап, содан кейін ғана басқа тілге аударып (ойында) қағазға түсіргені менмұндалап тұр...Сонымен жеті жұрттың тілін әркім біле қоймас. Ана тілімізді бар мәйегімен, шұрайымен меңгеріп алсақ, мұртымыз көкке шаншылып, алқалы жиында суырылып шығып сөз бастармыз (Ақтамберді). Әйтпесе жеті ағайынды жұтқа ұшырайтынымыз анық» деп жазады Орталық Қазақстан газеті.


Атырауда дін жолында жүрген отбасының 14 баласы әлі іздестірілуде - Атырау газеті
null 

 «Атырау» газетінің жазуынша, бүгінде Атырау қаласындағы мектептерде білім алып жүрген 327 оқушы дін жолында жүр. Оның 156-сы қыз, 171-і ұл бала. Бұндай мәлімет Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтылған. «Басынан орамалын шешпейтін 39 қыз сабаққа мүлде қатыстырылмауда екен. Сондай-ақ, дін жолында жүрген отбасылардың 14 баласы әлі іздестірілу үстінде. Олар ата-аналарымен бірге Қазақстан территориясынан шығып кеткені белгілі болып отырған көрінеді» деп жазады газет.

 

Айша бибі кесенесіндегі не жазу - Ақ жол газеті
null 

Жамбыл облысының «Ақ жол» газетінде Мейрамбек Төлепбергеннің Айша бибі кесенесіне қатысты мақаласы жарық көрді. Автор Махаббат мазары атанған кесенені сипаттай келе, ондағы кірпіш қаланымының 18-ші текшесінде араб әліпбиінің «куфа» нұсқасымен сөздер жазылғанын айтады.

«Міне, осы сөздердің қазақша аудармасы қандай? Ол - әртүрлі айтылады. Көбінесе ғалымдар оны «Күз. Бұлттар... Дүние ғажайып...» деп аударады. Ақындар өз өлеңдерінде «Аспан. Жер. Су» деп өмір мәнін дүние жаратылысымен қарастырып жырлайды. Ал, атақты жазушы Асқар Сүлейменов «Күз. Сүмбіле. Сұмдық өмір» деп жазады. Осы сөздер адамдарды терең ойға жетелейді. «Күз. Бұлттар. Дөңгеленген дүние» деп те аудармасын өз бетінше өңдеп, көркемдейтіндер бар. Біздіңше, бұл да жұмбақ сөздер. Қазақтың сөз өнері бәрін де әсерлі суреттей алады. Түпкі ұғымы түсінікті», - дейді автор.

Бұл ретте М. Төлепберген Айша бибі кесенесіндегі сөздердің мән-мағынасы мен көркемдік сипаты жайында зерттеу жазбалары қажет екеніне назар аудартып, «ХІ ғасырда жаздырған немесе жазып қалдырған бабалар аманаты нені ұқтырады?» дегенге ой жүгіртеді.

«Тараз қаласындағы үш университеттің ғалымдары осы істі өзара келісіп, қолға алса, қалай болар еді. Мәселен, белгілі әдебиетші-профессор Сәмен Құлбарақ не дейді? Ерекше ізденімпаз азамат Тәкен Молдақынов ше? Жазушы-драматург Елен Әлімжанның ойы қандай? Тарихи жәдігерлердің жоқтаушысы Қуаныш Дәуренбеков те өз ойын айтса дейміз...» деп түйіндейді автор.


«Алып қоюды» азайтсақ қайтеді?.. - Өскен өңір газеті
null 

Қызылорда облысы Шиелі ауданының «Өскен өңір» газеті ұлт һәм ұрпақ тәрбиесіне қатысты мақала жариялапты. Кейінгі кездері ішімдікке үйір жастардың саны артпаса кемімегені бесенеден белгілі емес пе? Ал оның себебі неде? «Қазақта «Әкеңді өлтіргеннен құн сұрама, баласын апиынға үйрет» деп ащылау айтылған бір сөз бар. Ашынғаннан шыққан бұл сөздің астары да анық емес пе?» деп жазады газет.  Бұл ретте автор «алып қоюды азайту» жолындағы жасалған жұмыстарға тоқтала келе, бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық аға буынның арақтан тартынбай отырғанын сынға алады. «Ақ сақалдыларымыз бен ақ жаулықтыларымыз, кейбірі әрине, батасын «алып қояйық» деп аяқтап, шатасып жатса шағымды кімге айтарсың? Тізгін ұстағанға қарап салтын түзеген ел аға буынмен бірге адасып жатса өкпеңді кімге өткізерсің? Ішімдікке сылқия тойып сайқымазаққа айналып жатқан сақалдыларды көзіміз көріп жүргені жасырын емес. Бұл кісілердің ақылы сыра ішіп отырып, «салқын су тамағыңды ауыртады» дегенмен бірдей емес пе. Қаймақтарымыз қаңбақтай қалғып жүрсе, қалғанынан қандай үміт? Жағамыз бұзылмаса, тынысымыз тарылмайтыны белгілі. Бет түзеген алдыңғы арбамыз адаспаса екен дегеннен туған ой еді бұл» деп жазады газет. Мақала авторының жазуынша, дүниеде ақшаға сатып алуға болмайтын екі нәрсе бар - денсаулық пен адамгершілік. Ал арақ атаулы аталған екі құндылықты да құрдымға кетіреді.

 

Соңғы жаңалықтар