Айлығы 25 АЕК-тен төмен қазақстандықтардың саны қанша

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда жалақыны 25 айлық есептік көрсеткіштен төмен алатын шамамен 2 миллион адам бар. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Нұржан Әлтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіштен төмен адамдардың саны бізде шамамен 2 миллионға жуықтайды. Олардың қандай салаларда екенін де білеміз. Меніңше, бұл (салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салу) жұмыс беруші үшін де, жұмысшы үшін де үлкен көмек болады. Бұрын салыққа, ең бірінші кезекте жеке табыс салығына кеткен ақша енді оның қалтасында қалады», - деді ол.

Оның пайымынша, салық жеңілдігінің арқасында жұмысшының қалтасына түсетін ақшаны аз деуге келмейді.

«25 айлық есептік көрсеткіштен төмен жалақы алатын адамдар үшін бұл айтарлықтай аз сома емес, кез келген соманың әсері бар. Тіпті ол 6 мың немесе 5 мың теңге болса да. Оны алатын әрбір адам үшін жақсы көмек, қосымша «сыйақы» десек те болады», - деді Нұржан Әлтаев.

Айта кетейік, ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев төмен жалақы алатындарға салықтық жүктемені жеңілдетуді ұсынды.

«Салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салуды ұсынамын. Ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдету керек», - деген еді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар