Әйгілі Христо Стоичков Астанаға «EXPO 2017 Football Cup» турниріне келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1990 жылдары каталониялық «Барселона» мен Болгария ұлттық құрамасында жасындай жарқылдаған әйгілі футболшы Христо Стоичков EXPO 2017 Football Cup турниріне келеді.

51 жастағы болгар маманы жұлдыздар командасын жаттықтыратын болды. Бұл құрама сапында Эрнан Креспо, Гаиска Мендьета, Жереми Нжитап, Александр Шовковский, Яри Литманен және тағы басқа ойыншылар өнер көрсетеді.

Сонымен қатар Стоичков ЭКСПО нысандарын аралап көрмек. Бұл туралы EXPO 2017 Football Cup турнирінің Facebook-тегі ресми парақшасында жазылған.

Христо Стоичков «Барселона» сапында 1990-1997 жылдар аралығында (бір жыл үзіліспен) ойнап, 175 матчта 83 гол соқты. Бұдан бөлек ол ЦСКА (Болгария), «Парма» (Италия), «Аль-Наср» (Сауд Арабиясы), «Касива Рэйсол» (Жапония), «Чикаго Файр» және «Ди Си Юнайтед» (АҚШ) командаларының намысын қорғады. Болгария құрамасы сапында 83 ойын өткізіп, 37 доп салды.

Ол Испанияның төрт дүркін чемпионы, 1991/1992 жылғы Еуропа чемпиондары кубогының (Чемпиондар лигасының бұрынғы атауы), 1996/1997 жылғы УЕФА Кубоктарының кубогының, УЕФА-ның екі Суперкубогының (1992, 1997) иегері. Стоичков бес мәрте Болгарияның үздік футболшысы болып танылды. 1990 жылы Еуропаның үздік сұрмергеніне берілетін «Алтын бутсаға» ие болды, 1994 жылғы Әлем чемпионатының үздік мергені атанды.  

Алайда оның басты жетістігі - «Алтын доп». 1994 жылы Стоичков Еуропаның үздік ойыншысы атағына ие болып, осы марапатты қанжығасына байлады. World Soccer мен FIFA нұсқалары бойынша ХХ ғасырдағы ең үздік 100 футболшының қатарына кірді.

Ойыншы ретіндегі мансабын аяқтаған соң Христо Стоичков Болгария құрамасының бас бапкері болды. Үш жылдан кейін құрама тізгінін тастап, Испанияның «Сельта» клубын жаттықтырды. Одан кейін Оңтүстік Африка Республикасының «Мамелоди Саундаунз», Болгарияның «Литекс» және ЦСКА клубтарының бас бапкері қызметін атқарды. 

Соңғы жаңалықтар