Әйгілі голливуд актері Джон Малкович өмірлік ұстанымдарымен бөлісті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Тыным таппаңыздар»! «Өмірлік ұстанымыңыз қандай?» деген сұраққа Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінде баспасөз мәслихатын өткізген голливуд актеры осылай деп жауап берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Баспасөз мәслихаты барысында актерға кәсібі мен киноиндустрияға қалай келгені туралы біршама сұрақтар қойылды. Актер кино саласы қанша тартымды болғанымен, жылдар бойы театрдан да қол үзбепті. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін кеше тамашалаған ол Қазақстан мен Франция елдерінің павильондарына арнайы бас сұғып қайтқан. Джон Малкович өмірінің он жылын Францияда өткізгенін ескерсек, өзіне ыстық екінші отаны Франция елінің павильонын актердің тектен-текке іздемегенін аңғаруға болады.
null 

Тілшілер қауымының бірі оған «Өмірлік ұстанымыңыз қандай?» деп сұрақ қойғанда, актер аздап тосылып қалғандай болды.

«Біріншіден, әлем қатты өзгеріп кетті. Дамуы жедел мына заманда қалай ақыл айтарымды білмеймін. Мен киноиндустрия саласында бірегей қалыпты ахуал туындай қалған уақытта өсіп, кино саласы өркендеген мемлекетте жетілдім. Ол кезде (АҚШ-та) киноиндустрия бір орында еді. Қазір ол кинолар әлемге тарап кетті. Сондықтан, ақыл-кеңес туралы не айтамын?.. Әртүрлі нұсқаларды саралап көріңіздер. Жұмысты барынша беріліп атқарыңыздар. Мүмкіндіктеріңізді шыңдай беріңіздер», - дейді Голливуд актеры.

Джон Малкович адам жетістікке жету үшін ешқашан тоқтамау керектігін айтады. Бұл қағидатын ол өзінің өмірлік тәжірибесімен байланыстырды.

«Адам тоқтамау керек. Жетістік бола ма, жоқ па - ол жағы соншама маңызды емес. Бастысы - өз-өзіңізге адал болыңыз. Тәжірибе бөлісерде барынша ашық болғаныңыз абзал. Тәжірибені іздегеннен талмау керек. Мен осындай жолмен жүремін. Өзім ешқашан бір орында тұрмаймын. Ылғи ізденістемін. Өзімді режиссер, актер, театр актеры, продюссер ретінде сынап, дизайн саласымен де айналыстым. Классикалық музыкаларды жазамын. Ең бастысы, тыным таппаңыздар», - деп түйген актер көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Еске сала кетсек, танымал голливуд актеры Джон Малкович Астанаға кеше ұшып келген болатын. ХІІІ «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің құрметті мейманы Қазақстанды аралап шыққысы келетінін айтады. Бұған дейін Астанаға голливудтың өзге де жарқын жұлдыздары Николас Кейдж мен Эдриан Броуди келіп кеткен еді.

Соңғы жаңалықтар