Айдос Сұлтанғали - Әлем чемпионатының қола жүлдегері

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Быдгощ қаласында (Польша) грек-рим күресінен 23 жасқа дейінгі ерлер арасында өткен Әлем чемпионатында қызылордалық Айдос Сұлтанғали 59 келі салмақта қола жүлдені иеленді. 

Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі хабарлады.

Ол бірінші белдесуде Алжир спортшысын техникалық әдіспен жеңсе, одан кейінгі кездесулерде қарсыластарын 10:4, 6:5 есептерімен айқын басымдықпен ұтты. Жартылай финалда жапон балуанына  6:5 есебімен есе жіберіп алды. Қола медаль үшін болған кездесуде Болгария спортшысынан айласын асырып, үшінші орынды еншіледі.

Айтулы жарысқа Қазақстан құрамасынан 8 спортшы қатысса, жалғыз қола медальді Сыр спортшысы олжалады. Айта кетейік, облыс тарихында 2005 жылы грек-рим күресінен ересектер арасында Ермек Көкетов Әлем чемпионатында қола жүлдегер атанса, міне енді оның жетістігін ізбасары Айдос қайталап отыр.

А.Сұлтанғали 1996 жылы Қызылорда қаласында туылған. Грек-рим күресінен ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жастар арасында Қазақстан чемпионы, ересектер арасында күміс жүлдегер. 2015 жылғы жасөспірімдер, 2016 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионы. Биылғы жылғы Ашхабад қаласында өткен жабық кешендегі Азия ойындарының қола жүлдегері.

Облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алатын Айдостың бапкерлері Ғабиден Райымбек және ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Юн.  

Соңғы жаңалықтар