Айдар Шәрібаев: Мен үшін жеңіліс деген ұғым жоқ...

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық кәсіби боксшы Айдар Шәрібаев АҚШ-тағы алғашқы жеңілісінен кейін үнсіздікке нүкте қойып, сұхбат берді, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

- Айдар, қазіргі уақытта Сіздің физикалық тұрғыдағы жағдайыңыз қалай?

- Рахмет. Ақырындап қалыпқа келе бастадым.

- Екі раундтан кейін қарсыластан мұндай серпінді күтпеген секілдісіз...

- Күттім. Жалпы, мен үшін оның шаршы алаңда жетекшілік етуі тосынсый болған жоқ. Ол тәжірибелі боксшы. Өзім осынша әлсізбін деп ойламаппын. Бәлкім, айқас алдында салмақ қуып, ол үрдісті дұрыс жүргізбеген секілдімін. Ал жалпы айқастың қорытындысын есептемегенде бәрі де жоспар бойынша жүргізілді.

- Сіздің ойыңызша, Эндрю Канчио неліктен басым түсті?

- Білмеймін. Бәлкім, қарсылас өзінің салмақ дәрежесінде өнер көрсеткенінен болар. Десе де, мен істің бәрі қарсыластың күшті болып шыққанына байланысты болды деп есептеймін. Бұл жолы мен әлсіздік таныттым.

- Алғашқы сәтсіздіктен кейін қандай қорытындыға келдіңіз?

- Шынымды айтсам, көптеген қорытынды жасадым. Асығыстық танытпаумен бірге шектен тыс жайбасар болып кетпеу керек деген шешімге келдім. Айқас қабілетінің бел ортасын таба білу де шеберік. Техникалық тұрғыда біраз ой түйдім. Көбінесе детальдарға назар аудару қажеттілігін түсіндім. Әкем айтпақшы: «Ұсақ кемшіліктер жоқ жерде, ірі кемшіліктерге орын жоқ».

- Ендігі кезекте не жоспарлап отырсыз?

- Жоспар көп. Өзімнің басты мақсатым - әлем чемпионы титулына қарай қозғала беремін. Ұмтылыс та, энтузиазм да бәсеңдеп қалған жоқ. Шынымды айтсам, тіпті ұмтылысым арта түсті. Жатпай-тұрмай еңбектенетін боламыз. Өзіміздің бокстан отандық бапкерлерімізбен жұмыс істегім келеді. Жалпы, мен үшін «жеңіліс» деген ұғым жоқ, «сабақ» деген түсінік бар. Болашақта керек болар көптеген ой-пайымдарды санама түйіп алдым. Енді алға қарай жылжи беремін.

Еске сала кетсек, осы айдың 12-де Индиода Айдар Шәрібаев (7-1, 6 КО) АҚШ өкілі Эндрю Канчиомен (18-4-2, 14 КО) титулдық жекпе-жегін өткізген болатын. Боксшылар екінші жартылай жеңіл салмақтағы WBA InterContinental белдігі үшін күш сынасқан еді. Жерлесіміз жекпе-жекті қарқынды бастады. Алайда үшінші, бесінші раундтарда нокдаунға түсіп қалды. Соңғы оныншы раундта төреші жекпе-жекті тоқтатып, Шәрібаевқа техникалық нокаут жариялады. Бұл қазақстандық былғары қолғап шеберінің 58,967 килограмға дейінгі салмақ санатындағы дебюті әрі кәсіпқой бокстағы алғашқы жеңілісі болды.

Бұған дейінгі 7 кездесудің барлығын да Айдар жеңіспен аяқтаған.

Соңғы жаңалықтар