Айбек Нұғымаров 1/2 финалда жеңілген моңғолиялықтың наразылығына жауап берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Әлем барысы» атанған Айбек Нұғымаров турнирден соң өткізілген баспасөз мәслихатында өзінің жеңістен кейінгі әсерімен бөлісті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Тілшілер қауымы Моңғолия балуаны Серік Бердімұрат жартылай финалды жеңістің Айбекке берілуіне наразылық білдіруі турасында сұрақ қойды. Бұған қатысты Айбек өз ойын білдіріп, белдесу ережеге сәйкес өткенін атап өтті.

«Моңғолия балуаны өзіміздің қандас бауырымыз. Ешқандай әділетсіздік болған жоқ деп ойлаймын. Бір бүк ұпаймен ұттым. Күрес кезінде ұпайдың бәрі есептеліп, таблодан көрсетілді. Шындығын айтқанда, «жеребе алдын ала тартылған» деген сөздер кішкене қиын екен. Жеребе бойынша қиын топқа түсіп қалдым. Өздеріңіз көргендей, бірінші додадан бастап поляк балуанымен, одан кейінгі өзбек балуанымен, «Қазақстан барысы» атанған Еламан бауырымызбен болған кездесулердің ешқайсысы оңай түскен жоқ. Бүгін шыны керек, маған ауырлау болды. Осыдан 15 күн бұрын келіп, арнайы жаттығудан өткен болатынбыз. Мен үшін еңбек ақталды деген ойдамын», - дейді «Әлем барысы».

Айбек сонымен бірге Еламан Ерғалиевпен болған кездесуге қатысты ойын білдірді.

«Еламаннан 2015 жылы ұтылып қалған болатынмын. Ол өте мықты балуан. Салмағы да менен ауыр. Кез келген адам «Қазақстан барысы» бола бермейді. Белдесуге тоқтала кетсек, басында, рас, екі рет бүкке түсіп қалдым. Одан кейінгі әдіс жасаған кезде өзім айналдырып, жанға түсірдім. Ары қарай тағы бір-екі бүк болды. Жаңа бір ағаларымыз жолдан кесіп, қашып күресуге болмайды деп айтып жатыр. Мен ешқашан қашып күреспегенмін. Күресте кейде қашатын кез де болады. Алға ұмтылатын жері де болады. Қаштың не, алға ұмтылдың не, кімнің қолын көтерді - сол жеңіске жетті. Мен әлсіздік көрсеттім деп ойламаймын», -дейді Айбек.

Балуан сондай-ақ ақтық бәсекедегі қарсыласы грузиялық Гурам Тушашвилиге қатысты да пікірін білдіріп, алдағы жоспарымен бөлісті.

 «Финалдық белдесу туралы айтар болсам, Гурам әлемді дзюдодан бағындырып жүрген балуан. Осыдан бір жыл бұрын екі рет кездескен болатынбыз. Өзі жас балуан. Әлемдегі алдыңғы қатарлы балуандардың бірі. Біріншісінде Шымкент қаласында өткен үлкен турнирде өз қателігімнен жеңіліп қалған едім. Содан кейін Қызылордада өткен жарыста мен ұтқан болатынмын. Бүгін финалда Алла қолдап, жеңіс маған бұйырып тұр екен. Мақсатымды іске асырдым. Қазақ күресіне қатысып келе жатқаныма  15 жыл болды. Алты әлем чемпионатын төрт рет ұтқан болатынмын. Астанада келесі айдың 27-сінде қазақ күресінен әлем чемпионаты болады. Соған қатысамын», - деп түйді Айбек.

null

Соңғы жаңалықтар