Автобуста жалған құжатпен жүрген елордалықтың үстінен қылмыстық іс қозғалды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана LRT» ЖШС көліктік бақылау департаментінің инспекторлары 51-бағдардағы автобустан жасына байланысты жәрдемақы алушының жалған куәлігін көрсеткен жолаушыны әшкереледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат мекеменің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Инспекторлар құжаттың жалған екенін Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың дерек-қорынан тексеру арқылы анықтаған.

«Астана LRT» ЖШС көліктік бақылау департаментінің инспекторлары билет беруі тиіс кондукторлар мен жолаушыларды тексереді. Кезекті тексеру барысында инспекторлар 51-бағыт автобусынан жасына байланысты зейнетақы/жәрдемақы алушының жалған куәлігін көрсеткен жолаушыны әшкереледі және полиция шақырды», - делінген компанияның сайтында.

Жалған құжат көрсеткен қала тұрғынына қатысты Есіл аудандық ІІБ-де ҚР Қылмыстық Кодексінің 385-бабы, 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Кодекске сәйкес, жалған құжаттарды қолдан жасауға екі мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде (2018 жылы 4 810 000 теңге) айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.

«Сондай-ақ, 2017 жылдың желтоқсан айында «Астана LRT» ЖШС көліктік бақылау департаменті OLX.kz сайты арқылы жалған зейнетақы/жәрдемақы алушы куәлігін сатып келген өзге тұрғынды анықтаған еді. Оған қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 385-бабы, 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мұндай заң бұзушылықты бiрнеше рет немесе адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасағандарға төрт мың АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады», - деп жазды Астана LRT.

Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүріп жатыр.

«2018 жылдың басынан бастап, жол ақысын төлеудің электронды жүйеге өтуіне байланысты, жеңілдік санатына жататын елорданың барлық тұрғындары электронды көлік картпсын алуы тиіс. Алайда, әзірге электронды карталармен қатар, қағаз куәліктер де өз күшінде. Бұл жағдайды жолақысын үнемдегісі келетіндер пайдаланып отыр. Жеңілдік санатындағы Астананың барлық тұрғындарын атаулы көліктік карта алуға шақырамыз», - деп мәлімдеді Астана LRT.

Соңғы жаңалықтар