11:08, 14 Желтоқсан 2017 | GMT +6
Автобуста валидатор істемесе, жол ақысын төлемеуге бола ма
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада электронды төлем жүйесінің кезең-кезеңімен енгізілуіне байланысты барлық автобустардың валидаторлары істей бермейді. Дегенмен, жолаушылар жол ақысын қолма-қол төлеуге міндетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Астана LRT» компаниясының жария шартына сілтеме жасап.
Аталған шарттың 9.4.1 тармағына сәйкес, қоғамдық көлікте жүргенде жол ақысын көлік картасымен немесе қолма-қол ақшамен төлеу қажет.
«Қазіргі кезде жол ақысын төлеудің электронды жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Сол себепті аталған жүйе барлық автобустарда істей бермейді. Мәселен, №61 бағытта жаңа автобустар жолға шықты. Осы бағыттарда электронды төлем жүйесі әлі толығымен іске қосылған жоқ. Сондықтан жол жүру ақысын қолма-қол ақшамен төлеу керек», - дейді байланыс орталығының операторлары.
Айта кетейік, қазіргі заңнама бойынша қызмет көрсетуші компания жария шартты даярлап, ондағы талаптарды өзі белгілей алады.