Автобус жүргізушілерінің кінәсінен жылда 500-ден астам жол апаты болады -ҚР ІІМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ішкі істер министрлігі мен Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп өткізген «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасының қорытындысын шығарды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Жолаушылар тасымалдау көлігі еліміздің бірыңғай көлік жүйесінің негізгі бөлігі және автомобиль көлігімен жолаушыларды тасымалдау қауіпсіздігін сақтау өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Ал Қазақстанда жыл сайын автобус жүргізушілерінің кінәсінен 500-ден астам жол-көлік оқиғасы жасалады, нәтижесінде шамамен 60 адам қайтыс болып, 800-ден астам адам жарақаттанады»- дейді Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тургумбаев.

Оның сөзінше, жолаушылар көліктерінің апатына жасалған талдау көрсеткендей, қалыптасқан жағдайдың негізгі себебі жолда жүру тәртібін сақтамау, лауазымдық тұлғалар мен жолаушылар көлігін жолға шығаруға жауапты тұлғалардың тарапынан бақылаудың болмауымен байланысты. Осындай заңбұзушылықтар үшін 5,7 млн. теңгеден астам қаржыға айыппұл салынып, автобус паркінің 190 лауазымды тұлғасы жауапқа тартылды.

Полиция қызметкерлері жедел алдын алу шараларын өткізу барысында оғамдық көлік жүргізушілері тарапынан жасалған жасаған 19 мың құқықбұзушылықты анықтап, тиісті шара қолданды. Атап айтқанда, еңбек пен демалыс режимін бұзудың 166 жағдайы, тиісті куәліксіз көлік жүргізудің 245 фактісі, тасымалдаушының жолаушылар алдындағы міндеттерді орындамаудың 594 жағдайы тіркелді. Сондай-ақ жылдамдықты асыру (1 135 факті), көлік құралын жүргізу барысында ұялы телефонды пайдалану (3,5 мыңнан астам факті), жолаушыларды заңсыз тасымалдау (195 факті) жағдайлары анықталды.

«Жолаушыларға ғана емес, өздеріне де жауапты автобус жүргізушілерінің көлік құралын мас күйінде жүргізуінің 14 фактісі анықталды. Сонымен қатар, есірткіге еліткен күйде автобус жүргізген жүргізушілердің ұсталған кезі де болды»- деді министрдің орынбасары. Сондай-ақ ол нақты мәліметтерді де келтіре кетті.

Тексерілген әрбір алтыншы көлік құралында техникалық ақауы бар бола тұра, олардың жартысынан көбінде рейсалды бақылаудан өткені туралы белгісі болған. Жолаушылар көлігін рұқсатсыз 312 қайта жабдықтау фактілері де кездесті.

Сонымен қатар, жедел-алдын алу шарасы барысында рейс алдындағы тексеруден өтпеген 65 автобус анықталып, техникалық қараудан өтпеген автобусты жүргізудің 780 фактісі белгілі болды.

Айқындалған заңбұзушылықтар, жүйелі емес тасымалдауды ұйымдастырудың бірыңғай талаптарының болмауын және автокөлік құралын рейс алдында тексеруден немқұрайлы өткізілетінін көрсетеді.

«Автобус» операциясының нәтижелері бойынша қауіпсіздікті және жолаушыларды автомобильдік көлікпен тасымалдау жағдайын жақсарту жөнінде ұсыныстар жасалды, олар көлік және коммуникациялар саласында уәкілетті орган ретінде ИДМ-ға одан әрі қарай жетілдіру үшін жолданатын болады.

Фото: mos.news

Соңғы жаңалықтар