Ауызға түкірту керек пе? - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей назарларыңызға «ҚазАқпарат» ХАА республика аймақтарындағы баспасөзге шолуын ұсынады.

*  *  *

Ауызға түкіру керек пе? - Өскен өңір газеті

Қызылорда облысы Шиелі ауданында шығатын «Өскен өңір» газетінің жазуынша жақында бір ортада қазақтың «ауызға түкірту» дәстүріне орай дау болыпты.  Бұл ретте мақала авторы негізінен ауызына түкірту беделді тұлғалардың жақсы қасиеттері жас балаға жұғысты болсын деген ырыммен жасалатынын айтады, рәсімнің жоралғысына да мән береді. Түкіртудің түпкі мақсаты жақсылығы жұқсын, жақсы әдеті, ерекше қабілеті дарысын дегені екеніне назар бұрады.

 «...ешкім аузына түкіртті екен деп балаға қақырып, сілекейін жақпайды ғой. Жәй ырымын жасап «тіпәйт-тіпәйт» дейді. Ал, әдепке келетін болсақ, бала түгілі көшеде де түкіріп, қақыру әдепке жатпайды... Егер бұл ырым қажетсіз болса бізге дейін-ақ сараланып, қолданысымыздан ажырап қалған болар еді. Сондықтан, ұлтымызды, ғұрпымызды айшықтап тұратын осындай бағалы жоралғыларымызды кемсітпей, керісінше, тұрмысымызда пайдаланып, кейінгі ұрпақтың бойына сіңіруге жағдай жасайық», - деп жазады Өскен өңір газеті.

Дінді кімнен үйренген дұрыс? - Өскен өңір газеті

Дәл осы «Өскен өңір» газеті дін мәселесін де көтерген екен. Шындығында, дін - бүгінгі қоғамда көп талқыланатын аса нәзік әрі өткір проблема. Ал оны кімнен үйренген дұрыс? Газеттегі мақалада автор бүгінгі күннің айнасын былай көрсетеді: «Ертеректе «намаз оқиды» деген адамды естісек, бірінші кезекте көз алдымызға еш міні жоқ кемшіліксіз адам елестейтін. Ешкімге зиян тигізбейтін, алдамайтын, ешкімнің аманатына қиянат жасамайтын пәк бейне ретінде болатын. Көп кісілер балаларының намазхан болғанын қалайтын. Өйткені, намазхан жандар қоғамда болып жатқан түрлі бұзақылықтардан аулақ болары сөзсіз. Ал, бүгінгі күні мешітке барамын деген баланы ата-анасы жібергісі келмейді. Намаз оқиды дегенді естісек, осы «вахабист» болып кеткен жоқ па? деген күмәнмен қарайтын халге жеттік».

 Бұл ретте мақала авторы дана Абайдың Шәкәрімге жасаған қамқорлығын мысалға алады. «Егер отбасында Абайға ұқсаған ағаларымыз болса, ешқандай адасушылық болмаған болар еді. Балаға жастайынан жақсылықты үйретсе, оны білімді етіп тәрбиелесе, өзінің салт-дәстүрін жетік меңгерсе, дінін түсіндірсе бүгінгі кейбір шаңырақтарда болып жатқан қасіретті оқиғалар болмаған болар еді. Кінәні өзгеден іздегенше, өзімізден де іздейік. Балаларымызды көлденең жүрген көк аттыларға еріп кетпесін десек, оларға дінді өзіміз үйретейік. Мешіт имамдарының көмегіне жүгінейік», - деп түйінделеді мақалада. 

Батыстың діні алаңдатып отыр - АқЖайық газеті

null 

Дәл осы дін мәселесін Атырау облысында шығатын «АқЖайық» газеті де басыпты. Ұққанымыз Атырауда батыстағы төрт облыстың аймақтық имамдары мен дін істері басқармалары басшыларына арналған семинар өтіпті. Онда Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев біраз жайтты ақтарған секілді. Министр батыс облыстарда радикалды діни ағымдардың әсері жоғары екенін, оның үстіне жақсы дайындалған имамдар жетіспейтінін айтқан. Мәселен, төрт облыста ауыл имамдарының 12 орыны бос тұр екен. Айта кетерлігі, министр Ермекбаев діни мәселелерге қатысты заңға өзгерістер енгізілетінін, онда «қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін жасыратын киімдерді киюге, сонымен қатар тым  ашық-шашық киінуге де тыйым салу ұсынылғанын» атап өткен.  Сосын еліміздегі мектептерде де бірыңғай форма енгізілетін болады.  Бұл бірден екі мәселені шешеді -  әлеуметтік жіктелуге және балалардың діни киім киюіне жол бермейді.

Сосын шетелдік діни оқу орындарына жіберу тәртібі де бақыланады. Нақтыласақ, «ҚМДБ Қазақстан азаматтарына діни білімді тек өзіміздің елдің ішінде ғана алуды міндеттемекші екен. Ал шетелдерде өз бетінше білім алғандарды мешіттерге жұмысқа қабылдауға да тыйым салынған».

Батыр ескерткіші бақылаусыз ба? - Сарыарқа самалы газеті

Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» газеті Баян батыр ескерткішінің жай-күйіне алаңдаған. 2014 жылы орнатылған ескерткіш қараусыз қалғандай, тез тоза бастаған екен. «Көктем келгеннен бері батыр ескерткішінің артқы жақ қабырғасындағы мәрмәр плиталар жоқ болды. Мұның себебін нақты айта алмаймын. Міне, содан бері бірнеше елдік мереке аталып өтілді. Ол әлі күнге дейін сол қалпында тұр. Оның үстіне ескерткіштің өзге қабырғалары ағал-жағал. Ал оның іргетасы жабылған жіңішке келген мәрмәр плиталар жауын-шашынның әсерінен босап, шашылып жатыр. Бұл көріністі көргендер болса, бастарын шайқап, теріс айналып кетуде», - деп жазады мақала авторы. Бір кездегі елін жаудан қорғаған, Абылай ханның әйгілі үзеңгілесі болған Баян батырдың ескерткішін көздің қарашығындай сақтау керектігі айтылады.

 

Мейрамхана тұрғызғанша неге кітапхана салмайды - Ақтөбе газеті

«Ақтөбе» газетіндегі кітапхана туралы мәселе көтерген 11-сынып оқушысы, Байғанин атындағы кітапхананың тұрақты оқырманы екен. Жас жеткіншек мақала арқылы өз замандастарына үндеу тастаса, аға буын өкілдеріне, әсіресе іскер азаматтарға назын жеткізіпті. Кітапқұмар Айгүл Нағашыбаева газет арқылы: «жастар кітап оқуды күнделікті дағдылы істерінің біріне  айналдырса деп армандаймын. Онсыз өмірді түсіну, білім алу  мүмкін емес» деп үндейді. «Кітапханаға кіргенде сені үнсіз ұстаз - кітаптар қарсы алып, керегіңді беріп, кереметіне бөлеп шығарып салады. Байғанин атындағы балалар кітапханасына  барғанда: «Қолында мүмкіндігі бар ағалар мейрамхана, тойхана сала бергенше, жас ұрпақ үшін  неге кітапхана ғимаратын салмайды екен?» - деп ойланамын.  Бұл ғимараттың салынғанына, кітапхана еншісіне тигеніне  биыл 55 жыл толады екен. Мен бәрібір сол елеусіздеу жерде орналасқан, шағын болса да рухани мұраға бай балалар кітапханасына күніне бір бас сұқпай, ең болмағанда сол жаққа бір көз салмай өтпеймін», - деп жазады ол.

Жалпықазақ съезінің 100 жылдығына неге баға берiлмей келедi? - Оңтүстік Қазақстан газеті

 

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің жазуынша, қазақ халқы патшаның отаршыл өкiметiне қарсылығы 1917 жылдың сәуiр айында басталып, 1919 жылға дейiн жүрген съездерінде көрініс тапқан. «Бұл аралықта жалпықазақтық екi съезд ұйымдастырылды. Атап айтқанда, бiрiншi жалпықазақ съезi 1917 жылғы 21-26 шiлде күндерi өттi. Яғни, 21 шiлде күнi айтулы тарихи оқиғаға тура бiр ғасыр толып отыр».

Бұл ретте мақала авторы кеңестiк кезеңде қазақ съездерiнде қабылданған шешiмдерге терiс баға берiлгенін, алайда бүгінгі тәуелсіздік алған тұста олардың мәнiне тиiсiнше баға берiлмей отырғанын алға тартады.

«Бүкiлқазақтық съезге жол ашқан Торғай, Ақмола, Семей, Жетiсу, Сырдария, Орал облыстары мен Бөкей Ордасында өткен съездер болатын. Өйткенi, жер, билiк мәселелерi ең алдымен жергiлiктi жерде көтерiлдi. 1917 жылы өткен облыстық қазақ съездерiне шамамен 2 мыңға жуық делегат қатысты. Алғашқы болып Торғай облыстық қазақ съезiн 1917 жылдың 2-8 сәуiр күндерi Орынборда «Қазақ» газетiнiң редакторы А.Байтұрсынұлы және О.Алмасов, С.Қадырбаев ұйымдастырды. Сәуiрдiң 19-22 күндерi Орал қаласында Орал облыстық қазақ съезi жүрдi. Бұл съездiң төрағалығына Томск округтiк соты прокурорының орынбасары болып iстейтiн Жаһанша Досмұхамедов бiрауыздан сайланды. Сәуiрдiң 25-iнен мамырдың 7-сiне дейiн Омбы қаласында Ақмола облыстық қазақ съезi өттi. Съезд төрағалығын заңгер Айдархан Тұрлыбаев атқарды. Семей облысы қазақтарының съезi сәуiрдiң 27-сi мен мамырдың 7-сi аралығында Семейде өттi. Съездiң төрағалығына заңгер Жақып Ақбаев сайланды. Оның орынбасарлары Халел Ғаббасов пен Райымжан Мәрсеков, төралқа мүшелерi Әлiмхан Ермеков пен Мұстақұм Малдыбаев болатын. Съезге Шәкәрiм қажы Құдайбердіұлы арнайы келiп, қатысушыларды құттықтапты. Семейдегi жиын бiрiншi жалпықазақ съезiн алғашында Қызылжарда өткiзудi шешкен, кейiннен Орынборға ауысқан» деген мәліметтерді келтіреді Оңтүстік Қазақстан газеті.

Жазуынша, ондай қазақ съездерiнде Алаш партиясы мен Алашорда үкiметiнiң құрылғанын жарияланды. Нақтырақ айтқанда,  бүкiл қазақты бiрiктiру және оның мұқтаждықтарын анықтау үшiн қазақ үкiметiн құру, ұлттық саяси партияны тездетiп жариялау мақсатында бiрiншi жалпықазақ съезi 1917 жылы 21-26 шiлде аралығында Орынбор қаласында өткен. Осы бiрiншi Бүкiлқазақ съезiнде «Алаш» партиясы саяси ұйым болып құрылды.

«Қорыта айтқанда, қазақ съездерi ұлт зиялыларының белсендiлiгiн арттырды, қара халық ұлты мен жерiнiң азаттығын ойлайтын, сол үшiн күрескен азаматтарын өз көзiмен көрiп, таныды. Алаш партиясының мүшелерi барлық қазақ облыстарында ең көп дауыс алды» деп жазады мақала авторы Бахадыр Айтай.

Алаш қайраткері Отыншы Әлжанұлының ұрпақтары қайда жүр? - Дидар газеті

Алашорда үкіметінің мүшесі, Жетісу алашордашылар басшыларының бірі, азаттық жолында құрбан болған Отыншы Әлжановтың ұрпақтары туралы мақала Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде жарияланды.  «Таяуда Алаш қозғалысының белгілі қайраткері болған Отыншы Әлжановтың ұрпақтарының қилы тағдырына қатысты мақала қолымызға түсті. Мақала авторы - Отыншы Әлжановтың үлкен ұлы Мұхаметқасымның қызы Нұрсағиладан туатын жиен-шөбересі, Ақтау қаласында тұратын Майра Төлебаева» деп жазған газет редакциясы мақаланы оқырмандар назарына ұсыныпты.

Онда автор Отыншы Әлжановтың бүгінгі ұрпақтары, олардың басына түскен тағдыр тауқыметі туралы жан-жақты суреттеп, әңгімелеп жазады.  Мәселен, азаттық үшін құрбанға айналған қайраткердің біраз ұрпағы өмірін сақтау үшін аты-жөнінен де бас тартыпты. «Менің анам Әмина Ақмұрзаева Алашорда үкіметінің мүшесі Отыншы Әлжановтың тұңғыш немересі. Оның осы айтылған аты-жөні, яғни Әмина Ақмұрзаева деген ойдан алынған жалған есім. Шындығында ол - Отыншы Мұхаметқасымқызы Нұрсағила болуы тиіс еді. Адам өз есімінен қара басына, өміріне қауіп төнгенде ғана бас тартады ғой. Анам да өз есімімен жүре алмаған соң, осындай қадамға баруға мәжбүр болған», - дейді мақала авторы. Түрлі-түрлі естеліктерін толғата отырып, автор бір кездегі қасаң саясаттың салдарынан Отыншы бабасы туралы көп нәрсе айтылмай қалғанын алға тартады. Шежіреше тарқатылған мақалада автор әңгімесінен қудалауға түскен ұрпақтар қасіретін де аңғарамыз. Мақаланы толық оқығыңыз келсе «Дидар» газетінің соңғы нөмірлерін ақтарыңыз.

Соңғы жаңалықтар