«Ауылым - алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсы басталды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Ауылым - алтын тұғырым» әдеби-онлайн конкурсы биыл үшінші рет өткізілгелі отыр. «Ауыл» партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатында конкурстың мақсаты туралы айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әдеби-онлайн конкурс ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне қарасты «Қазконтент» АҚ мен «Ауыл» партиясының бірлескен жобасы.

«Басты мақсат - қаламгерлерді ауылдың рухани өмірін, тыныс-тіршілігін, ауылда жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық процестерді суреттеуге ынталандыру, ауыл құндылықтарын насихаттау, ақындар мен жазушыларды қолдау және шығармашылығын дамыту, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы мақсаттарды жүзеге асыруға үлес қосу», - деді депутат.

Айта кетейік, 2016 жылы конкурсқа қабылданған 219 шығарма топтастырылып, «Алтын тұғыр» атауымен 3 томдық жинақ басылып шыққан болатын. Жинақ өңірлердегі кітапханаларға таратылды.

«2017 жылы әдеби-онлайн конкурсқа 213 туынды келіп түсті. Қазіргі таңда 2017 жылғы үздік шығармалардың үштомдық топтамасы баспаға тапсырылды. 8 маусымда кітаптың тұсаукесерін өткіземіз», - деді спикер.

Конкурс онлайн болғандықтан, елімізден бөлек Қырғызстан, Ресей, Қытай, Моңғолия мемлекеттеріндегі қандастарымыз және шетелде білім алып жатқан жас қаламгерлер де байқауға қатыса алады. Мәселен, былтырғы жылғы конкурсқа Түркия елінде білім алып жатқан жас қаламгер қатысып, жүлдеге ие болды.

Сондай-ақ «Қазконтент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Данияр Бейсенғалиұлының айтуынша, биылғы сайыстың ерекшелігі көп.

«Мысалға, орыс тілінде жазылған шығармалар да қабылданады. Сондай-ақ, осы конкурс аясында он жеті жасқа дейінгі оқушыларға арналған «Эссе жазып үйренейік» жобасын ұйымдастырып отырмыз. Аталған жобада «Әдебиет порталы» редакциясы оқушылармен методикалық жұмыс жүргізеді. Жылдың соңында жеңімпаздарды анықтап, «Қазконтент» АҚ атынан арнайы сыйлық тапсырамыз», - деп байқаудың маңыздылын атап өтті.

«Ауылым - алтын тұғырым» әдеби конкурсына қатысушылардың шығармалары жыл бойы adebiportal.kz порталы және auyl.kz. сайтында қабылданады. Әр номинация бойынша үздік шығармаларға жүлделі орындар тағайындалады.

Конкурсқа қатысу үшін жасы 17 мен 45 жас аралығындағы қаламгерлер өз шығармаларын ұсына алады. Проза, поэзия, драматургия жанрлары бойынша ең үздік шыққан шығарма авторына дәстүрлі «Алтын тұғыр» сыйлығы тапсырылады. Жүлде қоры шамамен 5 млн теңгені құрайды. Номинациялар бойынша төмендегідей жүлде қоры тағайындалады «Ауыл тақырыбына арналған үздік проза» (эссе, әңгіме, повесть); «Ауыл тақырыбына арналған үздік поэзия» (өлең, баллада, поэма); «Ауыл тақырыбына арналған үздік драматургия» номинациялары бойынша 1-орын 500 000 теңге; 2-орын 300 000 теңге; 3-орын 200 000 теңге. Қосымша 10 үздік қаламгерге 100 мың теңгеден арнайы жүлделер тағайындалады.

Конкурс қорытындысы 2018 жылы 1 желтоқсанда шығарылады.

 

Лаура Амантаева

 

Соңғы жаңалықтар