Ауыл тұрғындары ХҚО-ға бармай-ақ қажетті анықтаманы ала алады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ауыл тұрғындарының цифрлық сауаттылығын көтеруді қолға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Агенттік өкілдері Ақмола облысы Целиноград ауданы Родина ауылының тұрғындарына мемлекеттік қызметті электронды түрде алу жолдарын үйретті.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында халықтың цифрлық сауаттылығын көтеру туралы тапсырма берген болатын. Аталған тапсырманы орындау аясында Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тиісті шаралар жүргізіп келеді. Агенттік төрағасының ұсынысымен барлық мемлекеттік қызметшілерге электрондық сандық қолтаңба алып, мемлекеттік қызметті 100% электронды түрде алу міндеттелді. Кейінірек құқық қорғау органдары, қорғаныс, Ұлттық ұлан және дәрігерлер мен мұғалімдер арасында мемлекеттік қызметтің электронды түрі насихатталды. Енді ауыл тұрғындарын да қамтуды жөн көрдік», - деді Агенттіктің Мемлекеттік қызмет көрсету департаменті директорының орынбасары Расул Медетов Родина ауылының тұрғындарымен кездесуде.

null 

Медетовтың айтуынша, ауылдық жерлерде халыққа қызмет көрсету орталықтары ашылмаған және тұрғындар қалаға немесе аудан орталығына баруға мәжбүр.

«Осы кемшілікті жою үшін бүгін сіздерге электронды порталды қалай қолдануды үйретіп, қандай артықшылықтары бар екенін түсіндіреміз. Одан бөлек, электронды үкімет арқылы қызмет көрсетуші мен қызмет алушы арасындағы қарым-қатынасты жоямыз. Осылайша, сыбайлас жемқорлықтың да алды алуға ниеттіміз. Мемлекеттік қызмет бойынша сын-ескертпелер мен ұсыныстарыңыз болса, оны да ескереміз», - деп өз сөзін түйіндеді Р. Медетов.

null 

«Родина» ауылдық округінің әкімі Белла Газдиева да мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрлық форматқа ауыстырудың артықшылықтары мол екенін атап өтті.

«Енді бір анықтама үшін 135 шақырымдағы аудан орталығына барудың, талон алып, кезекке тұрудың қажеті жоқ. Денсаулық сақтау, адами капитал, тиімді мемлекеттік басқару және білім беру сынды Президент жолдауында көрсетілген барлық басымдықтар цифрландырумен тығыз байланысты. Цифрландыру, электронды қызмет түрі не үшін қажет десеңіздер, бұл - ашықтыққа, жемқорлыққа төзбеушілікке бастайтын жол. Өмірімізді де біршама жеңілдетеді. Үйде отырып-ақ, қажетті анықтаманы алуға болады», - деді ол.

null  

Атап өткен жөн, бүгінде eGov мобильді қосымшасы арқылы 80-нен астам мемлекеттік қызметті тегін алуға болады. Электронды үкімет порталында 700-ден астам қызмет көрсетіледі.

Сондай-ақ, қаңтар айында Электронды үкімет порталында жеке және заңды тұлғалар кез келген азаматтың тұрғылықты мекенжайы мен жылжымайтын мүлкіне қатысты электронды анықтамаларды ала алады. Қолданушы аталған анықтамаларға тапсырыс бергенде азаматтардың телефонына және жеке кабинетіне хабарлама келіп, үшінші тұлғаларға анықтама беруге рұқсат сұрайды.

null 

Интернет-құралы жоқ тұрғындар үшін ауыл әкімдігі жанынан өзіндік қызмет көрсету бөлмесі ашылған. Мұнда тұрғындар ортақ компьютер арқылы мемлекеттік қызметті онлайн ала алады.

null 

Родина ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрайымы Любовь Попелхова бүгін электрондық сандық қолтаңбасы арқылы мекенжай туралы анықтама алды: «Біздің өмірімізге түрлі жаңалықтар еніп жатыр, оған ілесе алмай жатырмыз. Әйтсе де, зейнеткерлер қуанышты. Бір түсінгеніміз, электронды қолтаңбаны алып, тіркеуге тұруымыз қажет. Немерелер мен балалар да көмектесетін шығар. Өте пайдалы жаңалық екені анық», - деп ағынан жарылды зейнеткер.

null null null 

Жиын соңында ауыл тұрғындарына электронды сандық қолтаңбалары жүктелген флеш-карталар табыс етілді. ЭСҚ арқылы тұрғындар өз үйінде немесе әкімдік жанындағы өзіндік қызмет көрсету бөлмесінде онлайн режимде мемлекеттік қызметті пайдалана алады.

null 

Родина - Астанадан 70 шақырым жерде орналасқан ауылдық округ. Мұнда заманауи орта мектеп, хоккей корты, жел генераторы және танымал «Родина» ЖШС сүт өңдеу зауыты бар. Ауылда екі мыңға жуық адам тұрады.

null null null null null 

Соңғы жаңалықтар