Ауыл шаруашылығы саласына қаржы жетпей отыр - алқа мәжілісі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауыл шаруашылығы саласынан ең алдымен қаражат жеткіліксіздігі сезіледі. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы мнистрлігінде өткен алқа мәжілісінде министр Өмірзақ Шөкеев мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Әлбетте, 2018 жылы қандай жұмыстарды атқарамыз деген мәселенің біз үшін маңызы зор. Соңғы екі айда ауыл шаруашылығы саласын жан-жақты, жіті зерттеген менің бағамдауымша, ауыл шаруашылығы саласында жағдай оңай емес. Ең біріншіден, салада қаражат жеткіліксіздігі сезіледі. Яғни, мемлекеттік бағдарлама бойынша ауыл шарушылығы саласына 1 триллион теңге бөлу қарастырылған. Бірақ, бұған дейінгі бағдарлама 1 триллион 400 миллиард теңге бөлуді қарастырған болатын. Демек, жаңа бағдарлама қабылдай отырып, біз қалайда бұл салаға бөлінетін қаржыны азайтып жібердік. Тіпті екі девальвацияны өткергенімізді ескерсек, онда мемлекеттік қолдау кезіндегі қолдаудың үштен бірін ғана құрап отыр», - дейді министр.

Өмірзақ Шөкеевтің айтуына қарағанда, банктер дағдарыс деп, саланы қаржыландыруды күрт төмендеткен.

«Саланың өзінің қайтарымы да мәз болмай тұр. Екінші деңгейдегі банктердің несие беруі азайып барады. Субсидиялар өсіп бара жатса да, тиімділігі жағынан сұрақтар бар. Өткен жылы субсидия төмендетілді. Бұған қоса 15 субсидияның тиімсіз екеніне көз жеткізіп отырмыз. Бірақ, бұл жағдай субсидияны азайта отырып, секторға бөлінер қаржыны азайтуымыз керек дегенді білдірмейді. Біз бұл қаражаттарды басқа бағытқа жолдаймыз», - дейді ол.

Министрдің өз сөзінде ауыл шаруашылығын несиелеу үшін жаңа құралдарды енгізу керектігін қадап айтты.

«Мәселен, астық қолхаттары тиімді құрал ретінде қалып бара жатыр. Яғни, аграрлық қолхат негізінде жаңа жолдарға көшкен абзал. Астыққа қатысты есептің бәрін электронды форматқа ауыстырудың маңызы зор. Өкінішке қарай, кезінде біздің элеваторлар бос қолтаңбаны көптеп бере берген. Бізге жаңадан ауыл шаруашылығы саласының салық түсімін қайта қарау керек. Ауыл шаруашылығынан өзіңіз білетіндей, салық аз түседі. Салық түсімі жүйесінің өзі де күрделі. Осы себепті, біз бизнес пен экономикалық ведомствомен бірлесіп, бірыңғай аграрлық салық жүйесін енгізуге тырысамыз», - деді Өмірзақ Шөкеев.

Министр көтерген мәселені сөз соңында шегелей түсті.

«Жалпы, қаражат ағымын көбейту үшін мемлекеттік бағдарламаға өзгеріс енгізу керек. Сектор қаржының жетіспеушілігінен тұншығып жатыр десе де болады», - деп түйді Өмірзақ Шөкеев.

Соңғы жаңалықтар