Ауыл шаруашылығы мамандығын грантпен бітіргендерді ауылда еңбек етуге міндеттеу керек - АШМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандағы ЖОО-ларда ауыл шаруашылығы мамандығын грантпен бітірген студенттер 3 жыл ауылда еңбек етуге міндеттелуі ықтимал. ҚР АШМ бірінші вице-министрі Арман Евниев Парламент Сенатында өткен дөңгелек үстелде министрлік осындай жоспарды зерделеп жатқанын атап өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Біздің жұмыстың ауқымды салаларының бірі - аграрлық ғылым. Демек, аграрлық ғылымды қайта қосып (перезагрузить), әлемдегі қолжетімді үздік технологияларды енгізе отырып, тың тұқымдар мен сұрыпты ойлап табу керек. Министрліктің жүйесінде қазіргі таңда 3 университет пен 23 ғылыми-зерттеу институты бар. Олардың саны алдағы уақытта екі есеге қысқаратын болады. Яғни, келешекте ғылымның шынайы өндірістен бөлініп қалу мәселесін еңсеру қажет. Жетекшілік ететін ғылыми кадрлар қатаң түрде ойлау прогрессивтілігі мен өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін талдай білу қағидаты бойынша таңдалады», - дейді Арман Евниев.

Вице-министрдің айтуынша, аграрлық ЖОО-лар зерттеу мәртебесіне ие болуы тиіс.

«Осылайша, Қазақ агротехникалық университеті барлық өңірлер үшін агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру орталығына айналады. ҚазҰАУ (Қазақ ұлттық агротехникалық университеті) базасындағы зерттеу институты суармалы жерлердің құнарлылығы, жеміс шаруашылығы, картоп өндіру, ауыл шаруашылығы кооперациялары мен сүт шаруашылығы салаларын зерттейтін болады. Ал мал шаруашылығының дамыту саласы - Батыс Қазақстан облыстық аграрлық техникалық университеттің негізгі басымдығы болмақ», - дейді ол.

Арман Евниев сонымен бірге, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы мамандығын оқып жатқандардың санын арттыру маңызды екенін тілге тиек етті.

«Мемлекеттік тапсырыс аясында ауылдық квотаны 30-дан 70 пайызға дейін арттыру маңызды. Сонымен бірге, ауыл шаруашығы мамандықтарына бөлінетін гранттардың 70 пайызын аграрлық ЖОО-ларға беру керек. Біз сондай-ақ, орташа арнайы мамандықтар бойынша әкімдіктердің мемлекеттік тапсырысын қайта қарауға тиіспіз. Бұған қоса ауыл шаруашылығы мамандығын грантпен бітіргендерге 3 жыл бойы ауылда жұмыс істеуді міндеттеген абзал», - деп түйді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар