Ауғанстанда қазақстандық астықты қолмен түсіреді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде Ауғанстан сияқты елдерде астықты түсіруге арналған инфрақұрылым жоқ. Соның салдарынан қазақстандық вагондар ұзақ тұрып қалады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының президенті Қанат Алпысбаевтың айтуынша, бүгінде астықты тасымалдауға арналған 6 000 вагон бар. Бұдан бөлек, тағы 2 000 вагонды тартуға мүмкіндік бар. Бұның барлығы отандық астықты тасымалдауға жеткілікті. Алайда көп жағдайда вагондар көрші елдерде тұрып қалады. Себебі ол жақта қажетті инфрақұрылым жоқ.

"Мәселен, қазіргі кезде Ауғанстан қазақстандық астықты көп алады. Бірақ ол жақта вагондарды босату бойынша қарапайым теxникалық мүмкіндіктер жоқ. Ауғанстанда ондай жұмысты көп жағдайда қолмен істейді. Сол себепті ауған жерінде астық пен ұнды түсіру бойынша арнайы терминалдарды салу қажет. Осы мәселені шешуіміз керек", - дейді Қ.Алпысбаев.

Оның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта қазақстандық астықты контейнермен тасымалдау шараларына басымдық берілетін болады. Өткен жылы осы жолмен Түркия, Вьетнам мен Қытайға астық жеткізілді. Осының арқасында экспорт географиясын кеңейтуге болады. Осыған байланысты "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы жүктерді контейнеризациялауға арналған стратегияны әзірлеп жатыр.

Айта кетейік, бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі өтті. Сол жерде министр Жеңіс Қасымбек әкімдерге инфрақұрылымға тартуға қатысты құжаттарды тездетіп беруге кеңес берді. Әйтпесе, жер учаскелерін жасақтауға арналған бюджет қаржысы берілмей қалады. Ал вице-министр Қайырбек Өскенбаев ипотеканы 8 процентке дейін төмендетуге қатысты жоспармен бөлісті. 

Соңғы жаңалықтар