Ауғанстанда қаза болған қазақстандықтың мәйіті таяу күндері елге жеткізіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстандағы теракті кезінде қаза болған қазақстандықтың мәйіті таяу күндері елге жеткізіледі. Бұл жайында ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов БАҚ өкілдеріне мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Елшілігі мен Сыртқы істер министрлігі біздің азаматтарға көмек көрсету тетіктерін, оның ішінде мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлу мәселесін іске қосты. Дегенмен, ол үшін белгілі бір процедуралар, сәйкесінше құжаттарды жинау қажет. Бұл іспен дипломаттарымыз айналысып жатыр. Бұған қоса, қазақ болған азаматтың мүрдесін Қазақстанға жеткізу бойынша көмек көрсетудің басқа да жолдарын қарастыру үстіндеміз», - деді  Әнуар Жайнақов.

ҚР СІМ өкілінің айтуына қарағанда, жерлеу жоралғыларын көрсететін ауғанстандық компаниялардың бірі бұл қызметі 20 мың долларға бағалап отыр.

«Бірақ, дипломаттарымыз жағдайды түсініп, 6-7 мың доллар сома ұсынған өзге компанияны тапты. Таяу күндері мәселе түбегейлі шешіледі. Біз қаза болған азаматтың туған-туыстарымен үнемі байланыстамыз», - деді ол.

Естеріңізге сала кетсек, 21 қаңтар күні  таңертең 1978 жылы туған Қазақстан азаматы содырлардың Кабулдағы Intercontinental қонақүйіне шабуылы салдарынан ажал құшты. 

Ол Астана қаласының тұрғыны болған.  Ауғанстанға телекоммуникация саласында жұмыс атқаратын ауған компанияларының бірінің шақыруымен іссапармен барған. 

  

 

Соңғы жаңалықтар