Ауған соғысына қатысқандарға баспананы өтеусіз жекешелендіру қайтарыла ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Жамбыл Ахметбеков жауынгер-интернационалистерге баспаны өтеусіз жекешелендіру жеңілдіктерін қайтаруды сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл тұрғыда депутаттық сауал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға жолданды.

Депутаттың атап өтуінше, қазіргі кезде қолданыстағы «Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 13 бабы 8 тармағында мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған баспананы ақысыз меншікке алуға құқылы адамдардың санатына ҰОС ардагерлері мен мүгедектері,  Чернобыль атом электр стансасындағы апаттың салдарын жоюға қатысқандар, сондай-ақ ядролық сынақтарға қатысқандар және жеңілдік шаралары ескерілген басқа да санаттар қамтылған. Яғни бұл адамдарға баспананы тегін жекешелендіру құқығы берілген. Ал басқа елдердің аумағында жауынгерлік іс-қимылдарға қатысқандар атап көрсетілмеген.

Жамбыл Ахметбековтің сөзіне қарағанда, 2012 жылға дейін күшінде болған заңнаманың нормалары жауынгер-интернационалистерге мемлекеттік тұрғын үй қорынан алған баспананы қайтарымсыз жекешелендіруге мүмкіндік берді. Тұрғын үй заңнамасына өзгерістерді әзірлеу кезінде бұл нормалар қамтылмай қалған.

Осы орайда ол Қазақстан жеңілдік берілген адамдардың барлық санаттарын қажетті шаралармен қамтамасыз ету бойынша халықаралық міндеттемені өзіне алғанын және тиісті құжаттарға қол қойғанын еске салып өтті.

«Ресейде, Қырғызстанда, Өзбекстанда  Ауған соғысының ардагерлеріне жеңілдіктерді сақтап қалды, оның ішінде баспананы ақысыз жекешелендіру шаралары ескерілген. Осыған байланысты Үкіметтен аталған азаматтардың мәселесі бойынша толықтырулар енгізу туралы заңнамалық бастамамен шығуды сұраймыз», - деді Ж. Ахметбеков.

Соңғы жаңалықтар