Әуе рейсі кешіктірілгенде тасымалдаушыдан нені талап ету керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті жолаушылардың әуе рейсінің уақыты  кешіктірілгенде немесе өзгергенде тасымалдаушыдан нені талап ету керектігін жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Тасымалдаушының кінәсінен рейс кейінге қалдырылғанда немесе кешіккенде, әуе кемесінің кеш келуіне байланысты рейс кейінге қалдырылғанда немесе кешіккенде, бағдар өзгергенде тасымалдаушы жолаушыларға ұшу пункті мен аралық пункттерде бірқатар қызметтер көрсетуі тиіс.

Атап айтқанда, тасымалдаушы:

-        7 жасқа дейін баласы бар жолаушыларға ана мен бала бөлмесін (болған жағдайда) ұсынуға;

-        2 рет телефон қоңырауын шалуын, оның ішінде халықаралық байланыс желісі арқылы да 5 минуттан аспайтын уақытқа немесе 2 сағаттан астам рейстің ұшуын күткен жағдайда электронды поштамен 2 хабарлама жіберуін қамтамасыз етуге;

-        Рейстің ұшуын 2 сағаттан астам күткен жағдайда сусынмен қамтамасыз етуге;

-        Рейстің ұшуын 4 сағаттан астам күткен кезде, одан ары күндізгі уақытта әрбір 6 сағат сайын, түнде әрбір 8 сағат сайын ыстық тамақпен қамтамасыз етуге;

-        Рейстің ұшуын күндізгі уақытта 8 сағаттан астам ал түнгі уақытта 6 сағаттан астам уақыт күткен кезде қонақ үйге орналастыруға;

-        Қонақ үй ақысыз негізде ұсынылған кезде әуежайдан қонақ үйге дейін және кері бағытта көлікпен қамтамасыз етуге міндетті.

Тасымалдаушының кінәсінен рейс 10 сағаттан астам уақытқа кешіктірілгенде немесе өзгергенде тасымалдаушы жолаушылардың таңдауы бойынша:

-        Жолаушыны билетінде көрсетілген діттеген жеріне осы мақаланың 1 тармағында көрсетілген қызметтерді ұсына отырып жақын аралықтағы рейспен тасымалдауды жүзеге асыруға;

-        Жолаушыға билеттің толық құнын өтеуге міндетті.

Рейс кешіктірілгенде, кейінге шегерілгенде жолаушыларға аталған қызметтер бойынша міндеттерін орындамаған немесе тиісті деңгейде орындамаған тасымалдаушы Қазақстанның «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» кодексінің 567-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 200 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бір жылдың ішінде тасымалдаушы мұндай бұзушылықты тағы қайталайтын болса, айыппұл көлемі 1 000 АЕК-ке жететін болады.

Айт кетейік, 1 АЕК - 2 405 теңгені құрайды.

Соңғы жаңалықтар